Абай облысында ер адам қызының дүниеге келгенін тойлаймын деп сотталып кетті
53 жастағы ер адам сотта кінәсін мойындаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының Жарма ауданында мас күйде көлік басқарған 53 жастағы ер адам 2 жыл 2 айға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылған азамат бұл жолы да заң талабын елемеген. Сотта ол қызының дүниеге келгенін атап өту кезінде ішімдік ішкенін айтқан.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 22 қыркүйекте сағат 12:00 шамасында Қалбатау ауылында болған. Өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылған ер адам ВАЗ-21099 автокөлігінің рөліне мас күйде отырған. Оны Боранбай би көшесінде полиция қызметкерлері тоқтатқан.
Медициналық куәландыру жүргізушінің орташа дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын растаған. Сот барысында ол кінәсін мойындап, ішімдік ішкен себебін түсіндірген.
Полицияның хабарлауынша, бұл азамат бұған дейін де бірнеше рет мас күйде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылған. Алайда бұрынғы жазалар оны заң бұзудан тоқтата алмаған.
Жүргізушінің бұрынғы құқық бұзушылықтары:
-
2015 жыл. Мас күйде көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
-
2018 жыл. Жүргізуші куәлігінсіз әрі мас күйде көлік басқарған. Сот оны 120 тәулікке қоғамдық жұмыстарға тартып, көлік жүргізу құқығынан тағы үш жылға айырған.
-
2020 жыл. Мас күйде көлік басқаруды қайталағаны үшін сегіз айға бас бостандығынан айырылған.
-
2022 жыл. Тағы да мас күйде рөлге отырғаны үшін сот оны екі жылға түрмеге қамап, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырған.
-
2026 жыл. Өмір бойына көлік басқаруға тыйым салынғанына қарамастан, қайтадан мас күйде көлік айдаған.
Облыстық полиция департаменті азаматқа бұрын бірнеше рет жаза қолданылғанын, алайда оның заңсыз әрекеттерін тоқтатпағанын атап өтті.
Осылайша, соттың соңғы шешімімен ер адам 2 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айыру туралы бұрынғы тыйым да күшінде қалады.
Материал авторы