Карлсен Бибісара Асаубаевмен ойнамағаны үшін жазалануы мүмкін
Халықаралық федерация Карлсеннің ойынға шықпауын кәсіби стандартқа сай емес деп бағалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) Total Chess Pilot-2026 турниріндегі ойын тәртібін бұзған шахматшыларға қатысты тексеру бастады. Ұйым әдеп және тәртіп комиссиясына арнайы материалдарды жолдап, жағдайды жан-жақты қарастырмақ.
Федерацияның назарына әлемнің экс-чемпионы Магнус Карлсеннің әрекеті ілікті. Норвегиялық гроссмейстер ресейлік Владислав Артемьевпен өтетін үш партияға қатысудан бас тартқан. Ойын нәтижесі әлі шешілмеген кезде жасалған бұл қадам турнир қорытындысына тікелей әсер еткен.
FIDE мәлімдемесінде мұндай мінез-құлық кәсіби стандарттарға сай емес және қабылданбайтыны айтылған. Карлсеннің шахмат әлеміндегі беделі мен оның спортты танымал етудегі үлесін ескерген федерация өкілдері, бұл әрекет жарыстың абыройына нұқсан келтіріп, қарсыластар мен көрермендерге деген құрметсіздік ретінде бағалануы мүмкін екенін атап өтті.
Турнир аясында Карлсен қазақстандық Бибісара Асаубаевамен болған жартылай финалдық кездесудің соңғы партиясына да шықпаған болатын. Ол кезде норвегиялық шахматшы матчтағы жеңісін мерзімінен бұрын қамтамасыз етіп қойған еді.
Ойынға келмегені үшін Карлсенге техникалық жеңіліс жазылып, Асаубаеваға сегіз ұпай берілді. Қазіргі таңда комиссия шахматшылардың әрекетінде этикалық кодекс бұзушылықтары бар-жоғын анықтап жатыр, әзірге нақты санкциялар туралы ақпарат жарияланған жоқ.
Материал авторы