Маңғыстауда 51 жастағы әйел қыз босанды
Ерлі-зайыптылар өткен жылы иіс тию салдарынан үш баласынан айырылған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысының 51 жастағы тұрғыны Күмісай Палекеева қызды болды. Сәби экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әдісі арқылы дүниеге келді.
Нәресте 17 қарашада облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығында туған. Дәрігерлердің айтуынша, қыз баланың салмағы 3400 грамм, бойы 52 сантиметр, анасы мен сәбидің жағдайы қалыпты.
Отбасы өткен жылы қайғылы жағдайға тап болған еді. Мұнайлы ауданындағы «Қаламқас» тұрғын алабында иіс тию салдарынан ерлі-зайыптылардың 1995, 2009 және 2012 жылдары туған үш баласы көз жұмған болатын.
Күмісай Палекееваның айтуынша, баласыз қалған соң өмір сүруге мақсат табу үшін ЭКО процедурасына жүгінуге бел буған. Ерлі-зайыптылар қыздарына Ария деп ат қойды.
Отбасы ЭКО процедурасын «Ecomed» клиникасы берген сертификат арқылы тегін өткен. Айта кетейік, қыркүйек айында ерлі-зайыптылар 13 жасар ұл баланы асырап алған еді.
Материал авторы