Қазақстанда алғаш рет түркістан сілеусініне GPS-қарғыбау тағылды
Ғалымдар Қараша есімді сілеусіннің қозғалысын спутник арқылы бақылайды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында Қазақстанда алғаш рет түркістан сілеусініне GPS-трекері бар қарғыбау тағылды. Енді сирек кездесетін жыртқыштың қозғалысын спутник арқылы бақылауға мүмкіндік туды.
Қызыл кітапқа енген жануар 20 қарашада Кеген ауданындағы Шелек өзенінің жағалауынан табылды. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағымен шектесетін жерде сілеусін шакалдың өлексесімен қоректеніп жатқан кезде анықталды.
Ұлттық парк қызметкерлері мен Зоология институтының мамандары жыртқышты қауіпсіз ұстап, оның физиологиялық жағдайын тексерді. «Қараша» деп атау берілген сілеусінге GPS-қарғыбау тағылып, қайтадан табиғи ортасына жіберілді. Қазіргі таңда жануардың жағдайы тұрақты.
Бұл технология мамандарға сілеусіннің жүріп өткен бағытын, мекендеу аумағын және белсенділігін зерттеуге көмектеседі. Алынған ғылыми деректер сирек кездесетін жыртқышты қорғау шараларын жетілдіруге септігін тигізеді.
Сонымен қатар, Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде орнатылған фототұзақ түркістан сілеусінін түсіріп алды. Камераға түскен кадрлар жыртқыштың қыс мезгіліндегі мінез-құлқын, қозғалыс ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік береді.
Материал авторы