Жамбыл облысының бұрынғы әкімі мерзімінен бұрын босатылғаны хабарланды
Бұрынғы әкім денсаулығына байланысты Қылмыстық кодекстің 75-бабы бойынша босатылған болуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы Алатау қаласындағы сот өткен аптада Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Карим Көкрекбаевтың мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған. Ол 396 миллион теңге пара алғаны үшін 12 жылға сотталған. Бұл туралы Koza4kov Telegram-арнасы хабарлады.
69 жастағы Карим Көкрекбаев Жамбыл облысының бұрынғы әкімі, «Қазақстан темір жолы» компаниясының экс-топ-менеджері болған. 2022 жылғы 27 желтоқсанға дейін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесін басқарған.
Сол күні Антикор қызметкерлері оны мердігер компания — «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден пара алды деген күдікпен ұстаған. Іс бойынша Көкрекбаевтың орынбасары Әділет Ахатаев та жауапқа тартылған.
Компания топ-менеджері, кәсіпкер Александр Беловичтің компаниясынан шыққан қаражатты Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстарында орындалмаған жұмыстарға қатысты актілерге қол қою үшін бергені айтылған. Мемлекетке келген шығын 2 миллиард теңгеге жуық деп бағаланған, ал пара көлемі 396 миллион теңгені құраған.
2024 жылдың жазында алқабилер соты алғашқы үкімін шығарды. Поплавский мен Ахатаев кінәлі деп танылса, Көкрекбаев ақталған. Кейін бұл үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілген.
2025 жылғы шілдеде сот екінші рет қаралған істің қорытындысы бойынша мемлекеттік мекеме қызметкерлерін пара алу, ал «Базис» еншілес компаниясының басшысын пара беру бойынша кінәлі деп таныған. Көкрекбаев 12 жылға, Ахатаев пен Поплавский 11 жылға бас бостандығынан айырылған.
Жамбыл облысының бұрынғы әкімі қамауда отырған кезде тағы бір қылмыс жасағаны үшін де сотталған. Ол әйеліне телефон соғуға көмектесіп, кейін оны сот ғимаратына заңсыз кездесу үшін кіргізу мақсатында конвой қызметкеріне 20 мың теңге берген. Бұл әрекеті үшін Көкрекбаевқа 300 мың теңге айыппұл салынған.
Арна дерегінше, екі рет сотталған бұрынғы шенеунік денсаулығына байланысты бостандыққа шыққан. Мұндай босату Қазақстан Қылмыстық кодексінің 75-бабында көзделген. Алайда сот қаулысы әлі заңды күшіне енбеген.
Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі дүйсенбі күні түсініктеме беруге уәде еткен.
Материал авторы