Түркістан облысында 1,1 миллиард теңге субсидия жымқырылды
Күдікті өзіне бағынышты компаниялар арқылы жалған келісімшарттар жасап, бюджет қаражатын иемденген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға бөлінген 1,1 миллиард теңге жымқырылды деген күдікпен тергеу басталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бюджет қаражатын иемдену мақсатында күдікті өзіне бағынышты компаниялар желісін құрған. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, «Агрохолдинг Туркестан» және «JMJ-Агро» серіктестіктері арқылы 81 жаңбырлатқыш машинаны сатып алуға өтінім берілген. Бұл ретте лизинг беруші ретінде «АгроПромЛизинг» микроқаржы ұйымы қатысып, бюджеттен бөлінген қаржы осы мекеменің арнайы шотына түсіп отырған.
Алайда, техниканың 37-сі іс жүзінде жеткізілмеген және орнатылмаған. Соған қарамастан, жауапты тұлғалар міндеттемелердің толық орындалғаны туралы жалған мәліметтер жазылған қабылдау-тапсыру актілерін рәсімдеген.
Осы құжаттардың негізінде бюджет қаражаты күдіктінің бақылауындағы ұйымдардың шоттарына аударылған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын көлемі 1,1 миллиард теңгені құрап отыр.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Құзырлы органдар тергеу амалдарын жалғастыруда.
Материал авторы