38

Қазақстанда туберкулездің дәріге төзімділігін анықтайтын жаңа әдістер енгізіліп жатыр

Жаңа әдістер дәрігерлерге қоздырғыштың дәрілік төзімділігін ескеріп, емдеу схемасын таңдауға көмектеседі.

Қазақстанда туберкулездің дәріге төзімділігін анықтайтын жаңа әдістер енгізіліп жатыр
@DenMinPR

Қазақстан Республикасының Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы туберкулезді зертханалық диагностикалаудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, өңірлерге кезең-кезеңімен енгізуде. Жұмыс Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының супраұлттық референс-зертханаларымен бірлесіп жүргізіліп жатыр.

2000–2024 жылдары Ұлттық референс-зертхана Германияның Гаутинг қаласындағы ДДСҰ-ның туберкулез жөніндегі супраұлттық референс-зертханасымен ынтымақтасқан. 2025 жылдан бастап әріптестік Германиядағы Борстель зерттеу орталығы – Лейбниц өкпе зерттеу орталығының микобактериялар жөніндегі ұлттық және ДДСҰ супраұлттық референс-орталығымен жалғасып келеді.

Бұл байланыс өңірлік зертханаларға әдістемелік қолдау көрсетуге, зерттеу сапасын сыртқы бағалауға және туберкулез қоздырғышының дәріге сезімталдығын анықтаудың жаңа әдістерін енгізуге мүмкіндік берді.

Жұмыстың нәтижесінде туберкулез микобактерияларының бедаквилин, линезолид және клофазимин препараттарына сезімталдығын анықтау әдісі енгізілді. Бұл дәрілер дәріге төзімді туберкулезді емдеуде қолданылады. Әдістеме Ұлттық референс-зертханада пысықталып, бағаланған соң өңірлік зертханаларға кезең-кезеңімен енгізілген.

Зерттеу нәтижелері дәрігерлерге қоздырғыштың дәрілік төзімділігін ескеріп, емдеу схемасын таңдауға көмектеседі. Бұл, әсіресе, дәрілерді ауыз арқылы қабылдауға негізделген қысқа мерзімді емдеу тәсілдерін қолдану кезінде маңызды.

Ұлттық референс-зертханада толық геномды секвенирлеу әдісі де енгізілді. Ол туберкулез қоздырғышының генетикалық ерекшеліктерін зерттеп, дәріге төзімділікпен байланысты мутацияларды анықтауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда GeneXpert платформасына негізделген жедел молекулалық диагностика желісі де жұмыс істейді. Бұл әдіс туберкулез қоздырғышын және оның рифампицинге төзімділігін анықтайды.

Еліміздің медициналық ұйымдарында барлығы 149 GeneXpert аппараты орнатылған. Оның 12-сі қалалық емханаларда, біреуі қалалық ауруханада, 31-і аудандық емханаларда, 59-ы аудандық ауруханаларда, ал 46-сы фтизиопульмонология орталықтарында қолданылады.

Жабдық жыл сайын калибрлеуден өтеді, зерттеулердің сапасы тұрақты бақылауда болады. Аппараттардың осылай орналастырылуы алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында, аудандық ауруханаларда және мамандандырылған мекемелерде молекулалық диагностикадан өтуге мүмкіндік береді.

Фтизиопульмонология орталықтарының 19 өңірлік зертханасының барлығы ұлттық аккредиттеуден өткен. Олар Ұлттық референс-зертханамен бірге Борстель зерттеу орталығының супраұлттық референс-зертханасы жүргізетін зерттеу сапасын сыртқы бағалау бағдарламасына қатысады. Бағдарлама Қазақстандағы 20 зертхананы қамтиды.

Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мәліметінше, атқарылып жатқан жұмыс өңірлерде дәрілік сезімталдықты анықтаудың бірыңғай тәсілдерін қолдануға және зертханалық нәтижелердің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл дәрігерлерге дәріге төзімді туберкулезбен ауыратын науқастарға емді уақтылы таңдауға қажетті деректер береді.