Азамат Сатыбалды 28 жасында салған төрт қабатты зәулім үйін көрсетті
Үйдің төртінші қабаты актердің шығармашылық мұрағаты мен Алаш қайраткерлерінің портреттеріне арналған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал актер әрі продюсер Азамат Сатыбалды өзінің 28 жасында салған төрт қабатты зәулім үйін көпшілікке көрсетті. Өнер иесі спортшы Еркебұлан Тоқтарды қонаққа шақырып, баспанасының ішкі көрінісі мен ондағы естелік заттармен таныстырды.
Актердің айтуынша, жалпы аумағы 580 шаршы метрді құрайтын үйдің құрылысын ол жас кезінде өз күшімен бастаған. Ол 30 жасында көшіп кірген баспанасында сол уақыттан бері ешқандай өзгеріс жасамағанын, тек тәжірибесіздіктен қабаттарын көбейте бергенін айтты.
Үйдің ішкі безендірілуі классикалық үлгіде жасалған. Актердің жұбайы Назгүл Қарабалина жиһаздарды жаңартуды бірнеше рет ұсынғанымен, Азамат Сатыбалды ата-анасынан қалған дүниелерді естелік ретінде сақтап қалуды жөн көрген.
Баспананың төртінші қабаты актердің жеке шығармашылық мұрағатына арналған. Онда театр мен кино түсірілімдерінде киген костюмдері сақталған, ал қабырғаларға Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлының портреттері ілінген.
Желі қолданушылары актердің отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын жоғары бағалап, оның ата-анасының көзіндей болған дүниелерді сақтап отырғанын үлгілі іс деп атады.
Материал авторы