Қазақстанда жыл соңына дейін тағы 2 күн электр станциясы іске қосылады
Биыл елімізде 62,6 МВт қуат беретін үш күн электр станциясы жұмысын бастады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жыл соңына дейін қуаты 30 МВт болатын тағы екі күн электр станциясы іске қосылады. Бұл жобалар Қызылорда облысындағы «Альхена» серіктестігінің базасында жүзеге асырылып жатыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы жалпы қуаты 245 МВт болатын 10 жаңартылатын энергия көзі (ЖЭК) нысанын пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда оның 7-еуі, соның ішінде 62,6 МВт қуат беретін үш күн электр станциясы жұмысын бастап кетті.
Еліміздегі ЖЭК нысандарының жалпы белгіленген қуаты 3,7 ГВт-қа жетті, оның 1,3 ГВт-ы күн энергиясының үлесінде. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша күн электр станциялары 1,9 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді.
Болашақта күн генерациясын дамыту бойынша ауқымды жоспарлар бар. 2035 жылға дейін жалпы қуаты 8,4 ГВт болатын жаңа ЖЭК нысандарын, оның ішінде 1,8 ГВт-қа жуық күн электр станцияларын салу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда жалпы қуаты 900 МВт-қа жуық болатын перспективалы жобалар портфелі қалыптастырылуда. Олардың қатарында China Energy компаниясының 300 МВт-тық станциясы мен Tumar Commerce компаниясының 1 ГВт-қа дейінгі жобалары бар.
Материал авторы