ІІМ мәліметінше, соңғы үш күнде адам саудасына байланысты 47 қылмыс тіркелген.
Оның ішінде:
- жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айырудың 3 фактісі;
- адам саудасының 10 фактісі, оның ішінде 5 дерек кәмелетке толмағандарға қатысты;
- жезөкшелікпен айналысуға тартудың 7 фактісі, оның ішінде 3 дерек кәмелетке толмағандарға қатысты;
- притон ұстау мен жеңгетайлықтың 27 фактісі.
Бұл туралы ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек былай деп мәлімдеме жасады:
- Ел аумағында ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-шара өтті. Оның аясында адам саудасына қатысты 47 қылмыс анықталды. Үш факті ауыр еңбекке пайдалану мақсатында, он факті адам саудасына байланысты. Ұрланғандар арасында кәмелетке толмағандар да бар, - дейді Шұғыла Тұрлыбек.
Жыл сайын елде адам саудасы бойынша 100-ге жуық факті тіркеледі. 2022 жылдың соңғы алты айында 57 қылмыстық іс қозғалған.
Қылмыс санын азайту мақсатында, мәжбүрлі еңбекті анықтау үшін шаруа, фермер қожалықтары, құрылыс объектілері, жыныстық пайдалану фактілерінің жолын кесу үшін монша кешендері мен қонақ үйлер тексеріліп, интернет желісі де жүйелі түрде бақылауда болады.