Жетісу облысында балабақшаның 38 млн. теңгесі жымқырылған
Жетісу облысының Ақсу ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 40 млн.теңгеге жуық бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Жымқыру фактісі штат кестесі мен банктік шоттарды салыстыру кезінде анықталып, онда тиісті жалақы мен нақты төленген қаражат арасындағы айырмашылық болған.
Осы факті бойынша Жетісу облысындағы прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған (аса ірі мөлшерде ұрлау).
Істі Жетісу облысы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізіп жатыр.
Осы баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.