"Жетісу соттары" Facebook парақшасында Жетісу облысы Талдықорған қалалық сотымен бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотталушы С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралғаны жөнінде жазылған.
Сотталушы С. жоғарғы оқу орнына қарасты жатақхананың коменданты қызметін атқара жүріп, 2021 және 2022 жылдары аралығында студенттер мен жатақхана қызметкерлерінің сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен интернет-банкинг қызметі арқылы тауарлы және ақшалай несие ресімдеумен барлығы 16 жәбірленушіге жалпы көлемі 24 миллионнан астам сомада материалдық шығын келтірген.
- Сотталушы С. 2021 жылдың қазан айында жәбірленуші Д. өзіне сенім артатынын біле отырып, құжаттарын жұмыс бабымен деген желеумен сұратқан. Жәбірленушінің жеке басын куәләндыратын құжаттарды алған соң, С. микроқаржылық ұйымнан 600 мың теңгеге жуық тауарлы кредитті жасырын рәсімдеп, тауарды сатып, өз пайдасына жаратқан. Бұдан соң, комендант жәбірленушіні Д.-ны толық жауып тастаймын деп алдап, микроқаржылық ұйымнан 560 мың теңге несие алдыртқан. Қолында Д.-ның жеке бас мәліметтерінің пайдаланған сотталушы, әртүрлі микроқаржылық ұйымдардан жасырын түрде қосымша байланыс ретінде өзінің ұялы нөмірін көрсете отырып, Д.-ның атынан микронесиелер алып, соңғыға жалпы 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, сотталушы осыған ұқсас жағдайларда әртүрлі желеумен 15 студент пен жатақхана қызметкерлеріне алаяқтық жасап, 22 миллион теңгеден астам шығынға ұшыратқан.
Талдықорған қалалық сотының баспасөз қызметінің хаарынша, сот айыпталушыны ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасауда кінәлі деп танып, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау орнатқан. Сот үкімі заңды күшіне енбеген.