СҚО прокурорлары балалар үйінде заңнаманың сақталуына қатысты талдау жүргізу барысында қамқоршының құқықтарын асыра пайдалану арқылы кәмелетке толмаған баланың құқықтарын дөрекі бұзу фактісін анықтады.
Петропавл қаласының әкімдігі бекіткен қамқоршы С. құқығын асыра пайдаланып және «Неке және отбасы туралы» кодекс талаптарын бұза отырып, қамқоршылық органының рұқсатынсыз ұзақ уақыт бойы жетім баланың пәтерін заңсыз жалға беріп келген.
Ол өзінің заңсыз әрекетін баланы балалар үйіне қайтарғаннан кейін де және қамқоршылық алынғаннан кейін де жалғастыра берген.
Анықталған заң бұзушылық бойынша қадағалау органы кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту және сәйкес шараларды қабылдау арқылы заңбұзушылықты жою жөнінде ұсыныс енгізді.
Сондай-ақ осы фактіге қатысты 12 қыркүйекте прокуратура органдарының материалдары бойынша Петропавл қаласының полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 142-бабы «Қорғаншы немесе қамқоршы құқықтарын терiс пайдалану» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта балаға келтірілген шығынды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Іс облыс прокуратурасының бақылауында болады.