Шетелдегі қазақтарға Тіл-Қазына орталығы қазақ тілін үйрете бастайды
Осыдан үш жыл бұрын бастау алған тіл үйрету бағыты бастапқыда бес офлайн сынып ашылған болса, бүгінде оның саны екі есеге өскен. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Ресейдің Омбы, Польшаның Варшава қалаларында биылғы маусым айынан, Моңғолияның Ұланбатыр, Иран республикасының Горган қаласында шілдеден, Түркияның Анталия қаласында тамыздан бері оқыту жүріп жатса, Түркияның Ыстамбұл, Францияның Париж, Аустрияның Вена, Мажарстанның Будапешт қалалары мен АҚШ-тың Калифорния штатында қыркүйек айынан бастап оқыту толыққанды жүруде.
Сабақтар «Тіл-Қазына» орталығы жарыққа шығарған шетелдегі қазақ диаспорасына арналған әмбебап оқулықтармен өткізіліп жатыр. Оқытушылар жыл сайын арнайы біліктілік курстарына қатысып, өздерінің тіл оқыту әдістемелерін жетілдіріп отырмақ.
- Біз шетелдегі оқытушыларымызбен бірлесе қазақ тілі оқулықтарын жазу тәжірибесін тұңғыш рет қолға алдық. Биыл соның алғашқы нәтижесі - “Түрік азаматтарына арналған қазақ тілі оқулығының” А1 деңгейін ұсынбақпыз. Келесі жылы да бұл тәжірибе жалғасып, шетелдік азаматтар үшін бірнеше оқулық жарық көрмек, - дейді Мақпал Жұмабай өзінің Facebook парақшасында.