Енді жанжалдасқан ерлі-зайыпты бір жылда бір-ақ рет қана татуласа алады
Жанжалдасқан отбасылардың татуласуы қиындамақ. Бұл туралы smartnews.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда сот жанжалқой мен оның әйелін татуластырудан бас тартты. Сәуір айында Петропавл тұрғыны полицияға хабарласып, үйде жанжал шығарған күйеуінен қорғауды сұраған.
31 жастағы ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылуы тиіс болатын. Алайда, сот отырысында әйелі күйеуінің түзелемін деген уәдесіне сеніп, татуласқан. Шілде айында осы отбасыдан полицияға кезекті шақырту түскен. Әкімшілік өндіріс жүргізу барысында ер адам мас күйде үйінде тағы да жанжал шығарған. Әйелі бұл жолы да татуластыруды сұраған.
Алайда, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа заңнамалық нормаларға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша жыл бойы тек бір рет қана татуласуға болады. Сот қаулысына сәйкес ер адам 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полицейлердің айтуынша, жазаны қатаңдату отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерін айтарлықтай төмендетуге септігін тигізбек.