723

Түркістан облысында жол апатынан бір жолаушы көз жұмды

Түркістан облысында жол апатынан бір жолаушы көз жұмды. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Түркістан облысында жол апатынан бір жолаушы көз жұмды
polisia.kz

20 желтоқсан күні сағат 13:00 шамасында Түркістан облысы Төлеби ауданы аумағындағы Алматы – Ташкент – Термез автожолының 719-шақырымында жол-көлік оқиғасы болды.

Анықталғандай, Шымкент қаласынан Сарығаш ауданына шыққан Toyota Camry автокөлігі өзімен бір бағытта келе жатқан Mersedes-Sprinter жолаушылар көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан микроавтобустың 70 жастағы жолаушысы оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды.

Одан бөлек екі жүргізуші мен жолаушылар көлігінің 4 жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған. Оқиға орнына жедел тергеу тобы, Төлеби аудандық ПБ мен аудандық прокуратура басшылығы шықты.

"Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр. Бұл факт ҚР ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде және тиісті сараптамалар тағайындалды", - делінген хабарламада.

Сараптама нәтижесі бойынша нақты процестік шешім қабылданатын болады.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/turkistan-oblysynda-zhol-apatynan-bir-zholaushy-koz-zhumdy/