Smartnews.kz сайтының хабарлауынша, көрші мемлекеттің шығаруға дайындап жатқан заңдарының кейбірі жайлы айтпасқа болмайтын кездер туындап тұрады. Себебі шет елдің заңдарының көрші елдің азаматтарына да қатысты жағдайлары болады.
Мысалы, Ресейде русофобия туралы заң жобасы жасалып, Госдуманың талқысына түсетін болыпты. Бір айта кетерлігі – бұл заң шет ел азаматтарына және Ресейде жүрген, бірақ Ресей азаматтығы жоқ өзге елдің адамдарына қатысты. Ресей үкіметінің заң жобалары жөніндегі комиссиясы Госдумадан бастау алып жасалған русофобия туралы заң жобасын мақұлдады.
Заң қабылданған жағдайда Ресейдің Қылмыстық кодексіне русофобия үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын жаңа бап енгізіледі.
Русофобия туралы заң жобасында заң тілімен айтқанда – шетелдіктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдерінің, Ресейде тұратын, бірақ Ресей азаматтығы жоқ шетелдіктердің, Ресейде жүрген, бірақ Ресей азаматтығы жоқ орыстардың ресейлікке қатысты жасаған кемсітушілік әрекеттері немесе кемсітушілік әрекеттерді жасауға жария түрде шақыруы жайлы айтылған. Заң жобасында қажет жағдайда сотта қылмыстық істерді сотталушының қатысуынсыз қарау мүмкіндігі де белгіленіпті.
Сонымен қатар осы заң әскерилердің мазарын, ескерткіштерді, обелискілер мен мемориалдарды бүлінуден қорғау қажеттігімен де байланысты екені келтірілген. Русофобия орта ауыр қылмысқа жататыны айтылған. Мұндай әрекет үшін неше жылға сотталатыны әзірге айтылмаған. Заң жобасын Госдума төрағасының орынбасары, Ирина Яровая деген депутат әзірлепті.
Бұдан шығатын қорытынды – заң қабылданған жағдайда шет елдердегі адамдар да Ресей сотымен сотталуы мүмкін. Жалпы, мұндай тәжірибе әлемнің тарихында кездеспейтін болса керек. Рас, шетелдіктің үстінен терроршы, экстремист деген сияқты айыптармен сырттай қылмыстық іс қозғалған жағдайлар Ресейде баршылық. Бірақ ол заңмен күшейтіліп, жаппай сипат алмаған. Ал енді кез-келген жерде Ресей азаматына қатты сөйлеген адам дереу тізімге алынып, үстінен қылмыстық іс қозғалатын түрі бар.
Жалпы көршіміз Ресейде соңғы уақытта осы сияқты тосын заңдар жиі шығатын болып жүр. Ресейдің ресми ұстанымына қайшы көзқарастағы адамдардан тыныштық кеткен. Көптеген талантты адамдар сыртқа қашып шықты, бұқаралық ақпарат құралдарынан тек қолбала редакциялар мен асыранды блогерлер болмаса, өзгелері не жабылды, не шет елге кетті. Олар үшін «иноагент» туралы заң шықты.
Осы күні Ресейді Сталиннің елесі кезіп жүр деген сөз жиі айтылады. Бұл жақсы емес, мұндай ахуалдың көрші мемлекеттерге де жайсыз тиетіні түсінікті. Жоғарыда айтылған «русофобия» туралы заң жобасының пайда болуы да сол елестің кезіп жүргенінің бір көрінісі болуы мүмкін.
Жақында «Азаттық» радиосы Ресейде Сталинді қастерлеудің жағдайына тереңінен шолу жасаған екен. Расында, соңғы уақытта Сталин заманын аңсау, кеңес өкіметін көксеу, өзге елдерді тақымға салуды армандау сынды көңіл-күй Ресейдің билігінде байқалады.
«Азаттықтың» жазуынша, Ресейде Сталинге арналған жүзден аса ескерткіш бар, оның жартысынан көбі елді Путин басқарған 24 жыл ішінде тұрғызылған. Сталин есімін қайта жағыртудан бөлек, Феликс Дзержинскийдің қызметіне қайта баға беру жүріп жатыр. 1991 жылдың тамызында Лубянкадағы КГБ штаб-пәтері алдында тұрған Дзержинский ескерткішін сүріп тастау авторитаризм мен репрессияның жойылуы символына айналған болатын. Ал биыл қыркүйекте Сыртқы барлау қызметі ғимаратының алдына сол ескерткіштің сәл кішірейтілген көшірмесі тұрғызылды.
Сталиннің жүзден аса ескерткішінің кейбірін сипаттасақ, мысалы, біреуі Киров облысының Орлов қаласындағы балалар саябағына қойылған, біреуі Татарстанның Набережные челны деген қаласындағы мектептің ауласында тұр. Нижний Новогород маңындағы Бор деген қалада Сталиннің қоладан құйылған үш метрлік ескерткіші бой көтерген. Сол жерде «Сталин-центр» мұражай-кешені тұрғызылды. Сталин орталығы Барнаул қаласында да ашылған.
Мінеки, Ресейдегі осы ахуал өзге мемлекеттерді ойландыратын болса керек. Сталиннің есімі зорлық-зомбылықпен, халықтарды тізе батырып бағындырумен, қуғын-сүргінмен, зұлматпен байланысты. Бірақ қазіргі Ресей билігі Сталинді хош көретін сияқты. Сталиннің заманын көксегеннен болар, осы күні Сталинді насихаттау ол жақта күш алып жатыр. Әрине, не істеймін десе де әр елдің өз еркі. Тек шекаралас көрші елдерге салқынын тигізбесе екен.