2025 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери-техникалық мектептің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Әскери-техникалық мектептің 15 филиалы еліміздің түкпір-түкпіріндегі мыңдаған жасты әскери дайындықтан өткізіп, олардың ел қорғаны ретіндегі жауапкершілігін қалыптастыруда зор үлес қосуда. Аталған мектептердің ішінде Қызылорда филиалы ерекше орны бар оқу ордасы ретінде танылып келеді.
«ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебі» РМҚК Қызылорда қаласы филиалының директоры, отставкадағы подполковник Мухамбетов Рахметулла Камашевичпен әскери оқытылған резервті даярлау мен жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу бағытында атқарылып жатқан жұмысы жайында әңгімелеспекпіз.
– Әскери-техникалық мектептің негізгі міндеттері қандай?
– Әскери-техникалық мектептің басты міндеті – Қорғаныс министрлігі бекіткен бағдарлама аясында әскери оқытылған резервті сапалы даярлау. Сонымен қатар, жастарға қазақстандық патриотизмді, Отан алдындағы борышты сезіну мен жауапкершілікті сіңіру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Биыл Қазақстан бойынша Әскери-техникалық мектептердің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы ширек ғасыр ішінде Қызылорда қаласының филиалы 10 000-ға жуық жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеп, ел қорғанына айналған мамандарды даярлап шығарды.
– Оқу процесін ұйымдастыру үшін қандай жағдай жасалған?
– Филиалда қажетті оқу сыныптары, спорттық алаң, саптық алаң, тактикалық алаң мен кедергілер жолағы толық жабдықталған. Сонымен қатар, білім алушыларға арналған жатын орын және асхана жұмыс істейді. Материалдық-техникалық база тиісті талаптарға сай келеді. Жас сарбаздар оқу барысында екі мәрте арнайы полигонға шығып, әскери-тактикалық машықтарын шыңдайды. Бұл тәжірибелік сабақтар олардың теориялық білімін нақты жағдайда қолдануына және әскери дағдыларын жетілдіруіне мүмкіндік береді.
– Оқытушы құрамы туралы айтып өтсеңіз.
– Біздің ұжым – тәжірибелі әрі білікті мамандардан құралған. Арамызда Қарулы Күштердің ардагерлері мен ҚР Әскери оқу орнын тәмәмдаған оқытушылар бар. Әрқайсысы өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, тек білім беріп қана қоймай, жастарға үлгі бола білуде.
– Филиал сонымен қатар патриоттық тәрбие орталығы қызметін де атқарады. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіледі?
– Филиал базасында облыстық, қалалық деңгейде әскери-патриоттық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Біздің тәрбиеленушілер қалалық және облыстық патриоттық акцияларға қатысады, құрметті қарауылда тұрады, сондай-ақ мерекелік көрсетілімдер ұйымдастырады.
– Мектеп қабырғасында қандай шаралар ұйымдастырылады?
– Жыл сайын «Сыр мергені» атты пневматикалық винтовкамен ату сайысы, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектеп оқушыларына арналған «Ашық есік күндері» және әскери-спорттық жарыстар өтеді. Сонымен қатар, ұлттық және мемлекеттік мерекелер – Наурыз мейрамы мен Отан қорғаушылар күні мерекесі де ерекше атап өтіледі.
– Ардагерлермен қандай байланыс орнатылған?
– Біз түрлі санаттағы ардагерлермен белсенді жұмыс жүргіземіз. Ұлы Отан соғысының, Ауған соғысының, Чернобыль апатының қатысушыларымен, «Семей-Невада» қозғалысының мүшелерімен және өзге де локальді қақтығыстарға қатысқан ардагерлермен тұрақты кездесулер өтеді. Бұл кездесулер жастарды үлкендердің ерлігіне құрметпен қарауға үйретеді.
– Әскери-техникалық мектепте жас ұрпаққа тағылым беруге арналған қандай бастамалар жүзеге асырылып келеді?
– Иә, бізде жауынгерлік даңқ музейі жұмыс істейді. Ол Ауған соғысының ардагері, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі директордың бұрынғы орынбасары Баймаханов К.А.-ның бастамасымен ашылған. Сонымен қатар пневматикалық винтовкамен ату, пышақ лақтыру, сапер күрекпен жұмыс істеу секілді үйірмелер де ұйымдастырылған.
– Қазіргі уақытта филиалдың қызметі қандай деңгейде жүзеге асырылуда?
– Бүгінгі таңда Қызылорда филиалы тұрақты әрі ұйымшыл ұжымға ие. Көптеген қызметкерлер 10 жылдан астам уақыт еңбек етуде. Материалдық-техникалық база талаптарға сай және біз ҚР Қорғаныс министрлігінің тапсырмаларын абыроймен орындап, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесімізді қосып келеміз.
Осы мерейлі сәтті пайдалана отырып, Әскери-техникалық мектептің 25 жылдық мерейтойымен барша әріптестерімді, ардагерлерімізді, түлектерімізді және бүгінгі курсанттарымызды шын жүректен құттықтаймын! Ширек ғасырлық тарихы бар мектебіміз еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жолында әлі де талай жетістіктерге жетеді деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, ашық аспан және Отанға адал қызмет тілеймін!