Президент қасіретті Қаңтардың авторларын тұспалдап атады

03.01.2024, 20:46
726
Президент қасіретті Қаңтардың авторларын тұспалдап атады smartnews.kz

Биылғы жылдың басы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбатымен басталып отыр. Сұхбат «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланды. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Президенттен сұхбатты белгілі ғалым, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Диқан Қамзабекұлы алған. Мұнда Президент көп жайтты айтқан. Президенттің үлкен сұхбатынан біз оның қанды Қаңтар оқиғасына қатысты айтқандарына назар аударамыз. Сұхбат алушыға берген жауабында президент былай дейді: 

«Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты. Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды. Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады. Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады.

Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын. Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді.

Қаскөйлердің мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған жоспарын жүзеге асыру үшін экстремистер, қылмыстық топтар және әсіре діншілдер бірге қимылдады. Олардың мақсаты ел ішіне үрей туғызу, мемлекеттік институттардың қызметін тұралату, конституциялық құрылымның іргесін шайқау, ақыр соңында билікті басып алу еді. Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді».

«Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін».

«Сағаты – 100 миллион теңге»: Тұрсен Алагөзовтің бір күндік образы белгілі болды «Алматының түндері-ай»: Қайрат Нұртас орындайтын әннің авторы туындының қалай хитке айналғанын айтты Шалыс басқан жастарға жазаны жеңілдету ұсынылды Украинада 300-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін Шымкент әкімі де футболға бөлінетін қаржыны қысқартатын болды АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады