Камера артында орын алатын процестер туралы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, кинофестивальдардың жеңімпазы, тәжірибелі режиссер Ақбөбек Тұлжанова ханыммен сұхбатта талқыладық. Әңгіме барысында режиссер жеке тәжірибелері мен фильм жасау барысындағы қадамдар туралы ой бөлісті.
1.Қазіргі кинодағы қандай тақырыптарды ең өзекті деп санайсыз және олар туралы ойыңыз қандай?
- Негізі заман ағымына қарай әртүрлі тақырыптар қозғалып жатыр ғой, мысалы қазір айтатын болсақ көбіне комедия, жеңіл күлкі түсіріліп жатыр. Бір жағынан ол қатты қалтаға соқпайды, комедия түсіру қымбат емес, бюджет көп кетпейді. Өйткені ол жақта костюмдер күнделікті киетін киімдер. Ал тарихи фильмді айтатын болсақ костюмдер 1млн теңгеден басталады, бір қызды киіндірудің өзі 400-500мың, ат әбзелдері, құрал-саймандар, басқа да тарихи жәдігерлер қымбатқа соғады. Ал комедия фильмінде реализм секілді, күнделікті локацияларда түсіріледі. Халық қазір көңіл көтергісі келеді, мына өмірден де кішкене шаршайтын шығар, сондықтан комедия басым болды. Бірақ оған бүгінде халық тойып келе жатыр. Енді драмаға бет бұруда. Бізден көп нәрселер қолымыздан келетінін дәлелдеп бастауда қазақтың киноматографы. Жас режиссерлар шығып жатыр жақсы-жақсы және де тарихи фильмдерде көрермендердің қошеметіне ілініп жатыр.
2. Қазіргі кино өндірісінде жаңа технологияның рөлі қандай? Оларды қолдану шығармашылық үдерісті қалай өзгертті?
- Техникалар телефон қалай дамиды дәл солай оларда ай сайын дамиды. Мысалы «Red» деген компания бар, 4К RAW форматында түсіреді. Ондай камералар қымбат. Бір күндік ауысымға жалға алу 125мыңнан теңгеден басталады. Ал объективті басқа компания жасайды, бір фильмді түсіруде кем дегенде 4 объектив керек болады. Ол күніне 20мың теңге. Техниканың өзіне күніне қанша қаражат кетеді және әрине ол сапалы болғаны маңызды, өйткені адамның көзі қандай камера, план болса да көрерменнің көзімен көргенде ыңғайлы, түсінікті болу керек. Сапа адамның шаршағанын басады. Қазір техниканың түсірілім жағынан дамып жатсақ та, арнайы эффекттерден ақсап тұрмыз.
Сурет авторы: Әсем Дүйсенбек
3.Киноиндустрияда қандай негізгі қиындықтар бар? Қазіргі режиссерлар қандай кедергілерге тап болуда?
- Көп режиссерларда ақша жағынан қиындықтар бар. «Кейбір нәрселерге ой жеткенмен, қол жетпейді» дейді ғой, содан амал жоқ жол іздеп қиындықтардан шыға бастайсың, тіпті кейде көп режиссерлар несие алып жатады, алып жатқан айлықтарын салып жататындар болады, менде содан өттім. Алғашқы туындыларым болған соң ең бастысы және біріншіге - өнерді қоясың. Тәуекел еткен нәрсең жемісін бермей қалдырмай, жылдар өткен соң да жемісін беріп, еңбегің зая кетпейді.
4. Режиссер ретінде сіздің ең ұмытылмас тәжірибеңіз қайсы болды?
- «Ұйқыдағы арудың оянуы» Әбіш Кекілбаевтің кітабының желісі бойынша жазылған. Сол жерде біздің Маңғыстаудың тарихы бейнеленген. 250 беттен 8 бет алуға маған құрбым Риза Ысқақ редактор көмектесті, сосын Оралбек Сарбазов бізді бағыттап отырды. Сол фильмді түсіретін кезде мен 26 жаста болдым. Оның ұмытылмайтын жерлері көп, алғашқы туындыларым бірі болған соң, мысалы бір күнде 3-4 тарихи объектерді түсіріп, кем дегенде 500км жүрдік. Мысалы қазір күнделікті күнде шаршап, ұйықтағың келеді, ал ол кезде жанып тұрасың. Осы фильм көптеген фестивальдарда жеңімпаз аттанды, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты болдым. Сол кезде бұндай ойлар болмады, тек армандағанымды жеткізгім келді. Түрлі қиындықтары мен қызықтары да болды. Далада қондық, дронымыз ұшып кетті, оны 4 сағат іздедік. Шер далада жел, жаңбыр жауып тұрғанда дронымыз бір жерге түсіп қалған. Сағаттар бойы іздеген соң, кете берейік десек кеше түсірген, Әбіш атаның Астанадан алдыртқан шөбересінің үзінділері болды. Сосын тәуекел етіп іздеп, ақыр соңында таптық. Түрлі сөзбен жеткізу мүмкін емес тарихи жерлерде болдық, сондай кезде «менің ата-бабам осындай болды ма?» деген ойға келесің.
Сурет авторы: Әсем Дүйсенбек
5.Сіздің ойыңызша режиссердің негізгі міндеті не? Көрерменге қандай сезімдер немесе ойлар жеткізуі керек?
- Режиссер сценарийді оқыған кезде қалай көреді, соны жеткізу керек. Оның көзқарасы халықтың көзрасы болуы мүмкін, ата-бабамыздың, біздің зиялылардың, хандардың көзқарасы болуы мүмкін. Солардың еңбектерін терең оқып “Абылай хан баба армандаған екен ғой осындай болуды, демек мен осындай қылып түсірейінші” деп соның көзқарасын жеткізу. Ең бастысы адамды жақсыға жетелеу, фильм арқылы тәрбиелеу. Ең алғашқы қайнар көз - кітап қой, кітапқа деген махаббатын арттыру, мүмкін реализмді көрсету. Реализмді қалай бар солай көрсетсең, көрермен өзі нені түйеді соны түйеді. Бірақ жеке өзінің ойын ғана беретін режиссерларда бар. Шектеу жоқ өнерде.
6. Егер сіз кез келген шығарманы экранизациялағыңыз келсе, қай шығарманы таңдар едіңіз?
- Мен жақында “Аманат” деген фильмді жазудың басында бір оқиғаға негіздеп жасағанмын. Алқажан Еділбайұлы өнердегі атам секілді кісі, Әбіш Кекілбаевтің інісі, сол кісі маған көп оқиғаларды ұсынған кезде ішінен бір оқиға көзіме түсті. 6-7 сөйлемдегі оқиғаны мен фильмге өсірдім және ішіне қосымша Отыншы Көшбайұлы жазушының “Ақбөбектің соңғы әні” мен “Серт” деген шығармалардың оқиғаларына негізделіп жасап шығарған туындым бар. Қазір соған демеушілер іздеп жүрмін.
Сұхбатымыздың соңына таяй, кино әлемінің біз байқай бермейтін қыр-сырларын білдік. Осы сұрақ-жауап барысында бізбен бірге болған Ақбөбек Тұлжанова ханымға шығармашылық табыс тілей, алғысымызды білдіреміз. Келесі кездескенше, жарқын күндерде жүздесейік!
Сурет авторы: Әсем Дүйсенбек
МАТЕРИАЛ АВТОРЫ ЖӘНЕ СҰХБАТТАСҚАН: АЛИНА ЕРКІНБЕК