SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, апат 2023 жылғы желтоқсанда Алматыдағы Райымбек даңғылында болған. Тергеу мәліметтері бойынша, әйел жүргізушімен жанжалдасқан жолаушы оның бетінен екі рет жұдырықпен ұрған, ол есінен танып қалады. Басқарусыз қалған автобус аялдамада тұрған адамдарды қағып кетіп, Алматының үш тұрғыны сол жерде қаза тапты.
Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы мен жәбірленушілер сөз сөйледі.
Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушы Ахметжановты заңсыз әрекеттері үшін кінәлі деп тануды және оны қылмыстары үшін 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, жасалған қылмыстың бұлтартпас айғақтары бар. Дархан Ахметжановтың қоғамдық көлік жүргізушісі Ермек Шөкебаеваны ұруға құқығы жоқ еді.
"Жүргізуші оның ар-намысына нұқсан келтірілген болса, онда ол дәлелдерімен тиісті органдарға хабарласуы керек еді. Ал сотталушы Ахметжановтың Шөкебаева оны балағаттады деген сөздерінде дәлел жоқ. Шөкебаева тарапынан балағаттау болған жоқ. Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, мамандардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен, оқиға болған жерді қараудың хаттамасы мен сызбасымен, айғақтармен, жол-көлік оқиғасының бейнежазбасымен дәлелденеді", – деді прокурор.
Сотталушының өзі бүгін соңғы сөзін айтып, соттан бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады. Ол үш кәмелетке толмаған баласы бар екенін және сол күні автобус жүргізушісі оның өтініші бойынша есік ашпағанын атап өтті.
“293-бап бойынша “Бұзақылық” жасағанымды мойындаймын. Өкінемін, өрескел қателік жібердім. Өзіме үлкен сабақ алдым. Енді мұндайға жол бермейтініме сенемін, сіздер де сенгеніңізді қалаймын. Бар ойым үйге жету болатын.
Бұрын-соңды ешқандай жауапкершілікке тартылып, тәртіп бұзған емеспін. Нәпақамды адал еңбекпен тауып жүрген құрылысшымын. Үш ұлдың әкесімін және асыраушысымын. Осыны ескеріп ең минимал жаза тағайындауды сұраймын. Сіз мен қолдайды деп үміттенемін, сот мырза. Бар үмітім Аллада, содан кейін сізде болып отыр”, – деді де айыпталушы көз жасына ерік берді.
Ол қаза болған адамдардың жақындарынан кешірім сұрады.
“Сіздермен бірге менің де жүрегім ауырады, қайғырып көңіл айтамын. Мені айыпты деп ойласаңыздар кешіріңіздер. Ата-анамнан, жарымнан, балаларымнан осындай қиын жағдайда қалдырғаным үшін кешірім сұраймын”, – деп жылады ол.