«Немерең жол апатына түсті»: Қостанайда екі зейнеткер 23,5 млн теңгесінен айырылды
Алаяқтар әйелдердің біріне немересі, екіншісіне қызы жол апатына түскенін айтып ақша талап еткен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда екі егде жастағы әйел телефон арқылы жасалған алаяқтықтың құрбаны болды. Қаскөйлер біріне немересі, екіншісіне қызы жол апатына түскенін айтып, жақындарын қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін ақша беру керегіне сендірген. Нәтижесінде әйелдер жалпы 23,5 миллион теңгесінен айырылды.
Сот материалдарына сәйкес, алаяқтар алғашқы әйелге телефон шалып, немересі жол апатына түскенін хабарлаған. Ал екінші зейнеткерге қызының көлік апатына себепкер болғанын айтқан. Осылайша оларды жақындары қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін қолма-қол ақша беруге көндірген.
Ақшаны алып кетуге ер адам келген. Ол жәбірленушілердің біріне өзін ойдан шығарылған «Рустам» есімімен таныстырған. Ал екінші әйелге екі рет барып, алғашқы берген ақшасы жеткіліксіз екенін айтқан. Екі эпизод бойынша келтірілген жалпы шығын 23,5 миллион теңгеге жеткен.
Бірінші сатыдағы сот ер адамды аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айырды. Апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда сотталған азамат кассациялық шағымында алдын ала сөз байласу болғанын және келтірілген шығын көлемін мойындамаған. Ол қылмыстық схемада тек курьердің рөлін атқарғанын алға тартқан.
Кассациялық сот ер адамның алаяқтық туралы білмегені жөніндегі уәжін негізсіз деп тапты. Сот анықтағандай, ол екі жағдайда да жәбірленушілерді ақша беруге көндіргеннен кейін қолма-қол қаражатты алып, санап, әртүрлі шоттарға аударған. Сонымен қатар аударымдар туралы сыбайласына есеп беріп, ұрланған ақшаның бір бөлігін алып отырған.
Бұл деректер оның қылмыстық схемада алдын ала бөлінген міндет бойынша әрекет еткенін растаған.
Екінші эпизодтағы шығын көлемі жәбірленуші мен куәгердің айғақтары, құжаттар және залалды өндіріп алу туралы сот шешімі негізінде тексерілген. Нәтижесінде келтірілген залал 22 миллион теңге болғаны және бұл сома аса ірі мөлшер санатына жататыны анықталған.
Осылайша, қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төменгі сатылардағы сот шешімдерін өзгеріссіз қалдырды.
Материал авторы