337

«Қазақ бауырлар, біз Қазақстанда емеспіз»: Қазан пиццериясын елге шақырған жұрт желіні күлдірді

Желі қолданушылары пиццерияға Қазақстанға жеткізу қызметін іске қосуды ұсынып қалжыңдады.

«Қазақ бауырлар, біз Қазақстанда емеспіз»: Қазан пиццериясын елге шақырған жұрт желіні күлдірді
instagram.com/kzpizza_kzn

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Қазан қаласындағы «Красный заяц» пиццериясы қазақстандықтарға әзіл аралас үндеу жариялады. Желі қолданушылары мекеменің атауындағы «kz» әріптерін Қазақстанмен байланыстырып, пиццерияны елге шақыра бастаған. Тіпті Астана, Алматы және өзге қалаларға жеткізу қызметіне әзілдеп тапсырыс берген. 

Пиццерияның Instagram желісіндегі @kzpizza_kzn парақшасында жарияланған видеода ер адам қолына «Қазақ бауырлар! «Красный заяц» пиццериясы Қазақстанда емес, Қазанда орналасқан» деген жазуы бар қағаз ұстап тұр. Дәл осындай ескерту жазбаның астына қазақ тілінде де жарияланған.

Желі қолданушыларының пікірінше, аккаунт атауындағы «kz» әріптері көпшілікті шатастыруы мүмкін.

Жарияланым астындағы пікірлерде қазақстандықтар пиццерияны елде филиал ашуға шақырған. Бір қолданушы: «Брат, сен ашылуға тиісті жерді шатастырып алдың ғой», – деп әзілдеген.

Тағы біреулері Астана, Алматы, Қостанай және Рудный қалаларына пицца жеткізуді сұраған. Мәселен, пікір қалдырушылардың бірі Астанадағы Қошқарбаев көшесі, 2-мекенжайына горгонзолла қосылған пиццаға тапсырыс бергендей жазған.

Талқылауға қатысушылар «ВКонтакте» желісіндегі ескі мемді де еске түсірді. Онда бір жігіт жеткізу қызметі тек Ресей аумағында жұмыс істейтіні айтылса да, тапсырысты Қазақстанға жеткізуді талап етеді.

Пиццерия өкілдері кейбір пікірлерге лайк басып, қазақ тілінде жауап берген. Олар қазақстандықтарды Қазан қаласында қонақ ретінде көруге қуанышты болатынын жеткізген.

Материал авторы