Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартқан атақты Карлсен сынға қалды
Америкалық гроссмейстер норвегиялық шахматшының әрекеті қарсыласына да, жарысты ұйымдастырушыларға да құрметсіздік деп атады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, америкалық гроссмейстер Ханс Ниманн норвегиялық шахматшы Магнус Карлсеннің Будапештте өткен Total Chess турнирінде қазақстандық Бибісара Асаубаеваға қарсы соңғы партияларды ойнаудан бас тартуын сынға алды. Сондай-ақ ол жарыс ұйымдастырушыларын Карлсенге өзгелерден бөлек жағдай жасап отыр деп айыптады. Бұл туралы India Today басылымы жазды.
Карлсен екі күн қатарынан Fast Classic форматындағы Асаубаеваға қарсы шешуші партияларға қатысудан бас тартқан. Нәтижесінде қазақстандық шахматшыға екі техникалық жеңіс берілді. Алайда қарсыластар арасындағы жалпы есепте норвегиялық спортшы блиц пен рапидте жинаған ұпайларының арқасында келесі кезеңге өтті.
Ханс Ниманнның пікірінше, Карлсеннің бұл әрекеті қарсыласына ғана емес, турнир ұйымдастырушыларына да құрметсіздік танытқанын көрсетеді.
Америкалық гроссмейстер әлеуметтік желідегі X парақшасында партиялардың нәтижесі матч тағдыры шешілгеннен кейін де есепке алынатыны техникалық жиында алдын ала келісілгенін еске салды. Оның пайымдауынша, Карлсен рейтингі жоғары қарсыласпен кездескенде ойнауға көбірек ынта танытуы мүмкін еді.
«Егер кез келген басқа қатысушы қарсыласын және ұйымдастырушыларды құрметтемей, партияға шығудан бас тартса, оған бүкіл матч бойынша техникалық жеңіліс тіркелер еді. Бір ойыншыға қайта-қайта жеңілдік жасалып жатқаны қатты көңіл қалдырады. Джинсыға қатысты оқиғаны және әлем чемпионатындағы ортақ чемпиондықты да ұмытпайық. Кімнің ойнап жатқанына қарамастан, ережелер бәріне бірдей қолданылуы керек. Болды», – деп жазды Ниманн.
Материал авторы