Дима Биланның концертіне арнайы ұшып келген қазақстандық билетсіз қалды
Қыз билетінің күші жойылғанын ол елордаға келгеннен кейін ғана білген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық қыз Ресей әншісі Дима Биланның Астанадағы концертіне қатысу үшін арнайы қаражат жинап, басқа қаладан елордаға ұшып келген. Алайда концертке жеткенде билеті жарамсыз болып қалғанын білген. Билет сатушы сервис тапсырыс кезінде техникалық жағдай туындағанын түсіндірді.
Қыздың айтуынша, ол әншінің концертіне баруды көптен бері армандаған. Сол үшін алдын ала ақша жинап, билет сатып алған. Елордаға сапарын да осы концертке арнап жоспарлаған.
Алайда Астанаға келгеннен кейін билетінің күші жойылып, ақшасы қайтарылғанын білген. Көңілі қалған көрермен бұл жағдай туралы Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялаған.
«Мен Дима Биланның концертіне бару үшін арнайы ақша жинап, басқа қаладан Астанаға ұшып келдім. Бұл менің арманым еді! Бірақ қалаға жеткен соң билетім бойынша ақшаның қайтарылғанын білдім. Ал ұшаққа кеткен шығынды, жоғалтқан уақытым мен көңілімнің қалғанын кім өтейді? Мұндай жағдай қалай болуы мүмкін? Арманымның осындай өкінішке айналғаны қатты қынжылтады», – деп жазды ол.
Билет сатумен айналысатын сервистің өкілдері жағдайға тапсырысты рәсімдеу кезіндегі техникалық мәселе себеп болғанын мәлімдеді. Олардың түсіндіруінше, дәл сол уақытта басқа сатып алушы скайбоксты толықтай сатып алған. Соның салдарынан қыз таңдаған орын қолжетімсіз болып қалған.
Сервис өкілдері клиенттің ақшасын ұстап қалмай, оған билетті басқа орынға айырбастауды ұсынғанын айтады. Алайда қыздан жауап болмаған соң, төлемді толық көлемде қайтарған.
Айта кетейік, Дима Биланның алғашқы концерті бүгін, 20 қарашада, Астанадағы Barys Arena-да өтеді. Ал 22 қарашада әнші Алматыдағы Almaty Arena сахнасына шығады.
Концерттер қарсаңында әлеуметтік желілерде сатылып кеткен шоуларға билет ұсынатын сатушылар да көбейген. Осыған байланысты қазақстандықтарға жалған билеттерден сақ болу ескертілген.
Материал авторы