836

Ақмола облысында жүк пойызы ер адамды қағып кетті

Машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, құрамды тоқтатып үлгермеген.

Ақмола облысында жүк пойызы ер адамды қағып кетті
instagram.com/nayza_kokshe

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында Шортанды мен Дамса ауылдарының арасында жүк пойызы теміржолда отырған ер адамды қағып кетті. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Машинист адамды шамамен 300 метр қашықтықтан байқап, шұғыл тежегішті іске қосқанымен, пойызды дер кезінде тоқтату мүмкін болмаған. Бұл туралы nayza_kokshe Instagram парақшасы хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға 19 қараша күні күндіз теміржолдың 428-шақырымында болған. 47 вагоннан тұратын жүк пойызы сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен келе жатқан.

Машинистің айтуынша, ол рельстің үстінде отырған адамды байқап, бірден шұғыл тежеу жүйесін іске қосқан. Алайда ауыр құрамды соқтығысқа дейін тоқтату мүмкін болмаған. Ер адам оқиға орнында қаза тапқан. Оқиғадан кейін пойыз тоқтаған.

Кейін марқұмның Шортанды ауылының тұрғыны екені анықталған.

Аталған дерек бойынша Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы теміржол көлігінің қозғалыс немесе пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады полиция.

Ведомство өкілдері азаматтарға теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салды. Пойыз жолын тек арнайы жабдықталған өткелдерден кесіп өту, жақындап келе жатқан құрамның дыбысын есту үшін құлаққап пен бас киімнің капюшонын шешу қажет.

Сондай-ақ перрон шетіне жақын тұрмау және электр тогының соғу қаупіне байланысты вагондардың үстіне шықпау керектігі ескертілді.

Материал авторы