891

«Тыңшылық жасады»: Астанада ұсталған өзбек ғалымы 10 жылға түрмеге кесілді

Астанадағы университетте сабақ берген ғалымның зерттеу жұмыстары Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар тақырыбын қамтыған.

«Тыңшылық жасады»: Астанада ұсталған өзбек ғалымы 10 жылға түрмеге кесілді
BBC

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Өзбекстан азаматы, 46 жастағы ғалым Икболжон Корабоев тыңшылық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы оның туыстары мәлімдеген. Сот процесі жабық режимде өткен. Ғалымның отбасы үкімге шағым түсіріп, оны толық ақтауға ниетті. 

Икболжон Корабоев Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы – «Тыңшылық» бойынша кінәлі деп танылған. Аталған бапта 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Алайда ғалымның туыстары сот шешімі туралы ресми органдардан емес, жеке дереккөздерінен білгендерін айтады. Олардың сөзінше, осы уақытқа дейін отбасы мүшелеріне тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік берілмеген. Сондай-ақ профессор қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеді деген сұраққа да жауап берілмеген.

Қазір отбасы сот үкіміне шағым түсіріп, ғалымның толық ақталуына қол жеткізуді көздеп отыр. Туыстары Қазақстан президентіне, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Адам құқықтары жөніндегі уәкілге және құқық қорғау ұйымдарына өтініш жолдаған. Бірақ әзірге нақты жауап алмағандарын жеткізді.

Профессор қандай зерттеулер жүргізген?

Икболжон Корабоев – Өзбекстан азаматы, Әндіжан қаласының тумасы. Ұсталғанға дейін Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен дәріс оқыған. Ол жұбайымен және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге елордада тұрған.

Ғалымның зерттеу жұмыстары өңірлік интеграция, геоэкономика және Орталық Азиядағы стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар тақырыптарын қамтыған.

2025 жылдың сәуірінде ол Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға қатысты құқықтық, саяси және стратегиялық ұстанымдарын зерттеген ғылыми жұмысын аяқтаған. Зерттеу барысында ұлттық және халықаралық деңгейдегі 20 құжатқа талдау жасалған. Дегенмен еңбек әлі жарияланбаған.

Ғалымның әріптестері оның зерттеулерінде ашық дереккөздерден алынған ақпараттарды пайдаланғанын айтады.

Профессор қашан ұсталды?

Икболжон Корабоевтың ұсталғаны туралы ақпарат 2026 жылғы 27 тамызда тараған. Туыстарының мәліметінше, оны 3 шілдеде Астанада ұстаған. Сол кезде профессордың қамауда отырғанына екі айға жуық уақыт болған.

Ғалымның ұсталуына байланысты екі болжам айтылған. Біріншісі – оның Өзбекстанның мүддесіне жұмыс істеуі мүмкін деген күдік. Екіншісі – стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбаларға қатысты ғылыми зерттеулерімен байланысты болуы ықтимал деген жорамал.

Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейтінін хабарлаған. Ведомство Өзбекстан тарапына да дипломатиялық арналар арқылы ресми ақпарат берілгенін мәлімдеген.

Алайда сол кезде комитет ғалымның процестік мәртебесін, іс қай бап бойынша тергеліп жатқанын және оған тағылған күдіктің нақты мән-жайын ашып айтпаған. 

Материал авторы