Польша министрі Илон Маскті Ресей насихатын таратты деп айыптады
Америкалық кәсіпкер 2013–2014 жылдары Украинадағы биліктің ауысуына АҚШ ықпал еткенін айтып, бұл әрекетті агрессия деп бағалады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский америкалық кәсіпкер Илон Масктің Украинадағы 2013–2014 жылдардағы оқиғаларға қатысты пікірін сынға алды. Ол миллиардерді Ресей насихатының тезистерін қайталағаны үшін айыптап, мұндай мәлімдемелерді таратуды тоқтатуға шақырды.
Илон Маск The New York Times басылымының DealBook саммитінде сөйлеген сөзінде Украинадағы қақтығыстың тарихына тоқталған. Оның пікірінше, қазіргі әскери қарсыласуда Ресей агрессор болғанымен, 2013–2014 жылдары Киевте биліктің ауысуына АҚШ та ықпал еткен.
Кәсіпкер сол кезеңдегі оқиғаларды Вашингтонның демократиялық жолмен сайланған, Ресейге жақын ұстанымдағы Украина президентін биліктен кетіру үшін ұйымдастырған мемлекеттік төңкерісі деп бағалаған.
«Ресейдің Украинаға басып кіруі тұрғысынан агрессор екені рас. Бірақ біз, америкалықтар, демократиялық жолмен сайланған, Ресейге жақын Украина президентін құлату үшін мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырғанымыз да рас. Меніңше, бұл да агрессиялық әрекет. АҚШ Мемлекеттік департаменті мен басқа да ведомстволардың көмегінсіз мұндай жағдай болмас еді», – деді Илон Маск.
Евромайдан оқиғалары мен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің елден кетуіне қатысты мұндай көзқарас Мәскеудің ресми ұстанымымен сәйкес келеді. Алайда Украина, АҚШ және Еуропалық одақ елдерінің билігі бұл түсіндірмені жоққа шығарып, 2014 жылғы оқиғаларды халықтық революция ретінде бағалайды.
Масктің мәлімдемесіне Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский де жауап берді. Ол кәсіпкерді Ресей насихатын таратуды тоқтатуға шақырды.
«Жоқ, Илон Маск. Ресей насихатын таратуды доғарыңыз», – деп жазды Польша СІМ басшысы.
Материал авторы