Рыбакинаға Australian Open және US Open жеңістері үшін қанша сыйақы беріледі?
Елена Рыбакинаға берілетін сыйақы туралы министр жауап берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина биыл Australian Open және US Open турнирлерінде жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтің көшін бастады. Осы жетістіктері үшін теннисші мемлекеттен арнайы сыйақы ала ма деген сұраққа Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жауап берді.
Брифинг барысында журналистер Рыбакинаның әйелдер арасындағы әлемдік рейтингте бірінші орынға көтерілген Қазақстан тарихындағы алғашқы теннисші екенін атап өтті. Олар спортшының ірі халықаралық жарыстардағы жеңістері үшін мемлекеттік марапат немесе ақшалай сыйақы қарастырылған-қарастырылмағанын сұрады.
Министрдің айтуынша, Қазақстан теннис федерациясы түрлі турнирлердегі нәтижелерге қарай сыйақы төлеу жүйесін қалыптастырған. Рыбакинаға берілетін қаржылай марапат бюджеттен тыс қаражат есебінен төленеді.
«Федерация желісі бойынша түрлі жарыстар мен турнирлердегі жеңістерге арналған қаржыландыру және сыйақы төлеу жүйесі бар. Бұл бағытта Қазақстан теннис федерациясының президенті тиісті жұмысты жүргізген. Спортшы бюджеттен тыс қаражат есебінен белгілі бір көлемде сыйақы алады», – деді Ербол Мырзабосынов.
Еске салайық, Елена Рыбакина 2026 жылдың қаңтарында Australian Open турнирінің финалында жеңіске жетіп, мансабында алғаш рет осы жарыстың чемпионы атанды. Ал қыркүйекте US Open турнирінде де топ жарды.
Осы нәтижелерінің арқасында қазақстандық теннисші WTA рейтингінде 9901 ұпай жинап, әлемнің бірінші ракеткасы атанды.
Материал авторы