484

«Зорлық-зомбылықты әзілге айналдырды»: Павлодар тұрғыны «Прожарка» жобасына шағымданды

Павлодарда әйелдің бұрынғы күйеуінің қатысуымен өткен шоуға полиция араласты

«Зорлық-зомбылықты әзілге айналдырды»: Павлодар тұрғыны «Прожарка» жобасына шағымданды
Stan.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар қаласының тұрғыны Рахима «Прожарка» әзіл-сықақ жобасының ұйымдастырушыларына полицияға шағымданды. Әйелдің айтуынша, бағдарлама барысында оның бұрынғы күйеуінің қатысуымен өзі көрген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары әзілге айналдырылған. Сондай-ақ жүргізуші оның рұқсатынсыз атынан хат жазып, көпшілік алдында оқып берген. Бұл туралы Stan.kz хабарлады.

Оқиға Павлодардағы Melange мейрамханасында өткен «Прожарка» жобасы кезінде болған. Рахиманың бұрынғы күйеуі бағдарламаға арнайы қонақ ретінде қатысқан. Ұйымдастырушылар әйелді де жасырын қонақ ретінде шақырғанымен, ол ұсыныстан бас тартқан.

Рахима әлеуметтік желідегі жазбасында өзі туралы әңгіме қозғамауды және бұрынғы күйеуінен де оны талқыламауды сұрағанын жеткізді. Алайда оның өтініші ескерілмегенін айтады.

Әйелдің сөзінше, ол сол күні сағат 23:00 шамасында полицияға арыз түсірген. Ол ұйымдастырушыларды өзіне қатысты жалған ақпарат таратып, бұрынғы күйеуінің жасаған тұрмыстық зорлық-зомбылығын ойын-сауық тақырыбына айналдырды деп айыптады.

«Мен зорлық-зомбылық салдарынан өліп кете жаздадым. Ұлым екеуміздің басымыздан өткен жағдайлар талқыланып, ешкімге көңіл көтеретін тақырып болмауы керек», – деп жазды ол.

Рахима бұрынғы күйеуімен 2023 жылы оның бірнеше рет күш көрсетуіне байланысты ажырасқанын айтады. Әйелдің сөзінше, алғашқы зорлық-зомбылық жүктілігінің 26-аптасында болған. Бұған күйеуінің көзіне шөп салғанын білгеннен кейін араларында туындаған жанжал себеп болған.

Екінші оқиға баласы дүниеге келгеннен кейін бір апта өткенде болған. Осыдан соң Рахима полицияға арыз жазып, сот ер адамға ескерту жасаған. Кейін ерлі-зайыптылар қайта татуласқан.

Алайда әйелдің айтуынша, 2023 жылдың тамызында күйеуі оны басынан ұрған. Дәрігерлер жабық бас сүйек-ми жарақатын, мидың шайқалуын, сондай-ақ беті мен басындағы көгерулер мен гематомаларды тіркеген.

Рахима тағы бір оқиғаны еске алды. Оның айтуынша, жанжал кезінде ер адам сусабын лақтырған, соның салдарынан ұлының көзі химиялық күйік алған. Баланың көзін шаю үшін жуынатын бөлмеге жүгіргенде, күйеуі әйелді артынан ұрған. Сол сәтте бала маңдайын соғып алған. Рахима таңғы сағат төртте баласын ауруханаға апаруды өтініп жылағанын жазды.

Әйелдің сөзінше, баланың әкесі қазір олармен араласпайды және тәрбиесіне қатыспайды. Сондай-ақ ол алиментті нақты табысына сай төлемейді деп есептейді. Рахиманың айтуынша, бұрынғы күйеуінің тойдан түсетін табысы ресми түрде тіркелмеген.

Павлодар облысының Полиция департаменті аталған жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілдері шоуды ұйымдастырушыларды түсініктеме алу үшін шақырғанын хабарлады.

«Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ұйымдастырушыларды шақырдық. Іс-шараның қашан өткенін, онда нақты не болғанын, әйелдің жеке деректері жарияланған-жарияланбағанын және мұның қандай мақсатпен жасалғанын анықтау қажет. Осыдан кейін құқықтық баға беріледі. Тексеруге біраз уақыт кетеді», – деді полиция департаментінің өкілдері.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор