Ақтаулық электриктің әжелерді түсірген суреттері Vogue журналына шықты
Оның фотосуреттері Vogue журналында 2022 жылдан бері жарияланып келеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ақтаулық фотограф Адам Шаповаловтың Маңғыстау әжелерін бейнелеген фотосуреттері әлемге әйгілі Vogue Italia журналының сайтында жарияланды. Бір қызығы, кәсіби фотограф емес, жиһаз дүкенінде электрик болып жұмыс істейтін азамат суретке түсіруді хобби ретінде ғана айналысады.
Адам Шаповалов 9 қарашада Instagram парақшасында бірнеше фотосын жариялап, еңбегіне назар аударған басылымдарға алғыс білдірген. Ал 19 қарашада маңғыстаулық блогер Азамат Сәрсенбаев фотографтың жетістігіне қуанышын жеткізіп, онымен кездескенін хабарлады.
Блогердің айтуынша, Адам – кәсіби фотограф емес. Ол жиһаз дүкенінде электрик болып еңбек етеді. Бос уақытында Nikon фотоаппаратымен суретке түсіреді. Кейін түсірген жұмыстарын аптасына бір рет арнайы сілтеме арқылы журнал редакциясына жолдап отырады.
Сәрсенбаевтың мәліметінше, Адамның фотосуреттері Vogue журналында 2022 жылдан бері жарияланып келеді. Дәл сол жылы ол Nikon фотоаппаратын сатып алған. Фотограф әлемдік сән басылымындағы жарияланымдары үшін қаламақы алмайды. Оның айтуынша, еңбегіне халықаралық деңгейдегі брендтің қызығушылық танытуы оған жеткілікті.
«Өңірден шыққан қарапайым жігіттің, электриктің кәсіби фотографтардың өздері армандайтын дүниені жасай алатынын кім ойлаған?» – деп жазды Азамат Сәрсенбаев.
Блогер фотографпен арнайы кездесіп, оған қолдау білдіргенін де айтты. Оның пікірінше, Маңғыстаудың әсем табиғаты мен жергілікті тұрғындардың қайталанбас болмысы Адамның фотосуреттерінен ерекше көрініс тапқан.
Материал авторы