996

«Апай, шаруаңыз болмасын»: Астанада оқушылар көшеде қатарласына күш көрсеткен

Ертең мектепке барып, тағы қорлауы мүмкін деп алаңдады куәгер әйел.

«Апай, шаруаңыз болмасын»: Астанада оқушылар көшеде қатарласына күш көрсеткен
AI / SMARTNEWS.KZ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Abu-Dhabi Plaza сауда орталығының маңында бірнеше жасөспірімнің қатарласына күш көрсеткені туралы ақпарат тарады. Оқиғаның куәсі болған қала тұрғыны балалардың бірі болған жағдайды видеоға түсіріп, екіншісі күліп тұрғанын, ал үшіншісі оқушыны ұрып-соғып, тепкенін айтады.

Астаналық тұрғын Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында оқиға шамамен сағат 18:15-те болғанын жеткізген. Оның сөзінше, жұмыстан әріптесімен бірге шығып келе жатқанда, сауда орталығының жанында бірнеше оқушының бір баланы қорлап жатқанын байқап қалған.

Әйелдің айтуынша, жасөспірімдердің бірі жағдайды iPhone телефонына түсіріп тұрса, екіншісі күліп тұрған. Ал үшіншісі баланы ұрып, тепкен. Жәбір көрген оқушының күртесі мен сөмкесі де шешіліп алынған.

Әйел әріптесімен бірге балаларға жақындап, не себепті қатарласына күш көрсетіп жатқанын сұраған. Алайда жасөспірімдер «Апайлар, сіздерге не керек? Өзіңіз кімсіз? Өз шаруаларыңызбен айналысыңыздар» деп жауап берген. Олар өзара сыныптас әрі дос екенін айтып, мұның жай ғана ойын екенін түсіндірген.

Жазба авторының сөзінше, жәбір көрген баланың өзі де оларды сыныптастары деп атап, мәселені өздері шешетінін айтқан.

Алайда әйел ЛРТ станциясына жеткенде, әлгі жасөспірімдерді қайта кездестірген. Оның айтуынша, балалардың бірі оқушыны мойнынан құшақтап ұстап, бірдеңе айтып тұрған. Әйел тағы да араласып, олардың әрекетін тоқтатуға шақырған.

Осыдан кейін ол ЛРТ қызметкеріне хабарласып, полиция шақыруды өтінген. Қызметкер рация арқылы полиция инспекторын шақырғанымен, жасөспірімдер сол уақытта пойызға мініп үлгерген.

Әйел де сол вагонға кіріп, біраз уақыттан кейін полиция инспекторы келгенін айтады. Сол кезде оқиғаны видеоға түсірген жасөспірім әйелдің полицейге жалған ақпарат беріп жатқанын айтып, ешкімді ұрмағандарын жеткізуге тырысқан. Алайда астаналық тұрғын өз көзімен көрген жағдайды баяндап, бір баланың соққыға жығылғанын, екіншісінің оны видеоға түсіргенін, ал үшіншісінің араша түсудің орнына күліп тұрғанын түсіндірген.

Оқиғаның немен аяқталғаны әйелге белгісіз. Оның айтуынша, жасөспірімдер мен полиция инспекторы «Театр» станциясынан бірге түскен, ал өзі жолын жалғастырған. Қала тұрғынын балалардың ата-аналарына хабар беріліп, тиісті шара қабылданды ма деген сұрақ алаңдатады. Ол жасөспірімдер жазасыз қалса, мектепке қайта барып, қатарласына әлімжеттікті жалғастыруы мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.

Астана қалалық Полиция департаменті аталған жазбаға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, қазір кәмелетке толмағандардың және олардың заңды өкілдерінің жеке басын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін оған тиісті құқықтық баға беріледі. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері расталған жағдайда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерімен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, заңда көзделген негіздер болған кезде тиісті шаралар қабылданады», – деп хабарлады полиция.

Материал авторы