Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.
Егер сіз Астанадан Қарағандыға бару үшін пойызға билет алатын болсаңыз, онда жолай Қарағандыға дейін шамамен 30 минут бұрын "Қарағанды-Сұрыптау" станциясына тоқтайсыз. Осылай біздің "Қарағанды-Сұрыптау" мекеніне саяхатымыз басталады. Сізге өтірік, маған шын алайда локомотивтер саны бойынша "Қарағанды-Сұрыптау" станциясы еліміздегі алғашқы орында тұр. Онда 200-ге жуық электровоз бен тепловоз бар. Соңғы жылдары техникалық парк 70%-ға жаңартылған. Бұл станция ел бойынша ең ірі депо деп есептеледі. Мақтанбайық, бірақ мақтан тұтайық! Себебі бұндай жердің де сахна сыртында жасыратын кемшіл тұстары бар.
Мақаланың жазылуына мұрындық болған тұрғындардың What‘sApp желісіне жіберген хабарламалары болатын. Теміржол жұмысын жақсы атқаратын станция қаншалықты халықтың көңілінен шығып, жағдайын жасап отыр екен? Бұл туралы Герцена көшесінде тұратын тұрғынымыз толығырақ айтып береді.
"Айта берсе, проблема көп қой. Бірақ қазір қиындық тудырып жатқан өзім күнделікті кездесетін мәселе- Герцена көшесіндегі жолдың жағдайының нашарлығы. Көктем мен күз мезгілінде жүріп-тұру, тіпті қиындап кетеді. Осы бойынша әкімдік бір шара қолданса жақсы болар еді", - дейді Қарағанды-Сұрыптау станциясында жұмыс жасайтын қызметкер, әрі осы мекеннің тұрғыны.
Фотоколлаж: Дуйсенбек Әсем
Жолдың жыры қашан шешіледі? Герцена көшесін асфальттеу жоспарда бар ма?
Бір қарағанда жай ғана бір көшені асфальттеу болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл сол көшемен жүретін еңбектеген бала мен еңкейген қария үшін үлкен мәселе. Елестетіп көрейік, көктем мен күз мезгілінде батпаққа, ал қыста мұз айдынына айналатын көше таңертең баласын мектепке апаратын ата-ана үшін қосымша 5-10 минутты алады. Күнделікті алтын уақытын көшені айналып жүруге құртатын халықтың бұл нәрсе көңіл-күйіне де әсер етеді. Осы орайды пайдаланып шетелдік тәжірибені келтірейік. Сіз білесіз бе?! Таңғы 5-те оянатын неміс халқының әкімшілігі таңертеңмен көше тазалауды әдетке айналдырған. Асфальттелген көшені жуып өту, тұрғындардың аяқ киімінің таза болуына да кепілдік береді. Ал біз көше жумақ түгілі әлі жүріп-тұруға ыңғайлы жолға жете алмай жүрміз.
Бұл туралы "Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі былай дейді:
"Бүгінгі күні Қарағанды қаласы бойынша қаланың көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша бірқатар ірі қаржылық шығынды жобалар әзірленуде және іске асырылуда. 2024 жылға арналған жобалар тізбесі қалыптастырылды. 2024 жылы орташа жөндеуге жататын автомобиль жолдары анықталды. Тұрғындардың өтініштері бойынша көлік құралдарының ең тығыз ағыны бар автомобиль жолдары, қоғамдық көлік қозғалысы жүзеге асырылатын жолдар, сондай-ақ әлеуметтік сала объектілерінің жақын орналасуы ескерілді. Баяндалғанның негізінде, 2024 жылы Герцена көшесінің автомобиль жолдарына жөндеу жүргізу мүмкін емес екенін хабарлаймын".
Фотоколлаж: Дуйсенбек Әсем
Қоқыс мәселесі: "Таза Астана" секілді "Таза Қарағанды" бола ма?
Бұл мәселеге назар аударуымыздың басты себебі тұрғын үй алдындағы қоқыстың, әсіресе көктем мезгілінде жиі жиналмауы еді. Қоқыстың ұзақ уақыт бойы жиналмауы шын мәнінде кейін одан да салмақты мәселелердің туындауына алып келеді. Мысалы, антисанитария, түрлі аурулардың шығуына әсер етеді.
Қоқыс қалдықтарының ішінде өткір немесе зиянды заттар болуы мүмкін. Егер олар ұзақ уақыт жата берсе, қоқыс аралаған қаңғыбас иттер мен мысықтардың жарақат алып, тіпті өліп кетуі мүмкін. Соның алдын алу үшін қоқыстың уақытылы жиналуы маңызды.
Аталған жағдай туралы Мәншүк Мәметова көшесі, №121 үйінде тұратын азамат былай дейді:
"Біздің үйге жақын жерде орналасқан қоқыс төгу алаңы көктем, жаз мезгілінде қоқысқа толып кетеді. Әрине, бұл қалыпты жағдай. Себебі мында көп адам тұрады. Бірақ аузы мұрнынан шығып толып жатқан қоқыс пен одан шығатын жағымсыз иіс көңіл көншітпейді".
Оңтүстік Корея тәжірибесіне сүйенетін болсақ, олар түні бойы қоқысты толтырып тастағанымен, таңертең көшеде бірде бір қоқыс көрінбейді. Себебі күн сайын тазаланып отырады. Бұл елде қоқысты сұрыптау жастарының да кәрісінің де арасында танымал. "Әр елдің сыры басқа, иттері қара қасқа" десек те, кәріс халқынан жұқтыратын жақсы әдеттер жетерлік секілді. Ал жоғарыдағы қоқыс мәселесі бойынша Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесі мынадай пікір білдірді:
"Қарағанды-Сұрыптау елді мекенінің күл-қоқысын шығарып, тасымалдау қызметін атқаратын "ЭкоАлем Қазақстан» ЖШС-і, 2015ж 25-ші ақпан айында өткен №415 ҚТҚ-дың (қатты тұрмыстық қалдықтар) пайда болуы және оның өлшем нормаларын бекіту туралы қалалық мәслихат сессиясының шешіміне сәйкес, көгалдандырылмаған сектор яғни жер үйлерде тұратын тұрғындардың күл-қоқысын жинап алу, кестеге сәйкес аптасына 1 рет қана қарастырылған. Көп қабатты сектор бойынша ҚТҚ шығару күн сайын жүзеге асырылады. Аязға байланысты гидравликаның қатып қалуына байланысты қоқыстарды шығаруда үзілістер болды".
«Бір хабарлама жіберемін деп қатып қалдым»: интернеттің жағдайы
Ақпан айында «Қарағанды-Сұрыптау» шағын ауданының интернет сапасынан мен де хабардар болдым. Дайын болған медиаөнімді инстаграмға жарияламақ болғанымда, үйдің ішінде желі ұстамай, далаға шығуға тура келді. Соған қарамастан инстаграмға пост жарияламақ түгілі, телеграмдағы хабарламаға жауап бере алмай, далада қатып қала жаздадым. Тұрғындар үшін бұл қарапайым жағдайға айналған, күнделікті кездесетін мәселе. Интернеттің нашарлығының кесірінен онлайн жұмыс жасау, кездесулерге қатысу, онлайн сабақ оқу мүмкін емес. Жақында ғана жоғарыдағылар біздің интернет желісінің жылдамдығы Токиодан асып кеткендігі туралы айтқан еді. Бірақ бір хабарламаны жіберемін деп, далада қатып қала жаздағаныма қарағанда, шын мәнінде интернет соншалықты керемет емес секілді. Аудандағы бұл мәселе туралы Қарағанды облысының ақпараттандыру мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мемлекеттік мекемесі төмендегідей жауап қатты:
«Нашар интернет пен ұялы байланыс беру фактісін анықтау үшін, тиісті қол қойылған өтінішпен және Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 63-бабында көрсетілген барлық талаптарды сақтай отырып, ұялы байланыс пен мобильді интернеттің нашар жұмысына ықпал ететін сипатты көрсете отырып (нашар жылдамдықтың скриншоты), сіз орналасқан нақты объектінің, пайдаланатын абоненттік нөмірдің, оператордың атын көрсете отырып «eotinish.gov.kz» жүйесі арқылы ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникация комитетіне жүгінуді сұраймыз»
Фотоколлаж: Дуйсенбек Әсем
Ауырып дәрігер іздегенше, ауырмай тұрып білікті маман ізде!
Жоғарыда айтылған мәселелерден бөлек шағын аудандағы емхананың жағдайы мен ондағы білікті мамандардың жетіспеушілігі туралы да сұрау салғанбыз. Тұрғындардың берген сұхбатына сүйенсек, жақсылап емделу үшін Қарағанды қаласының өзіне бару керек болады екен. Көлігі бар халық үшін бұл түк емес, бензинге ақша кеткені болмаса, ал автобуспен қатынайтын халық үшін ем алуға Қарағанды қаласына бару қолайсыздық тудырады. Бұл мәселе жөнінде Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы мемлекеттік мекемесі былай дейді:
«Қарағанды - Сұрыптау ауданының аумағында «Қарағанды темір жол ауруханасы» ЖШС медициналық ұйымы (бұдан әрі - ҚТА) орналасқан, тіркелген халыққа 25895 адам, оның ішінде 6507 адам - балаларға медициналық қызмет көрсетеді. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы 13 қарашадағы №ҚР ДСМ-194/2020 «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жеке тұлғаларды тіркеу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 1 учаскелік дәрігерге 2200 пациент бекітілді. Сондай-ақ ҚТА-да жұқпалы аурулар, эндокринология, неврология, офтальмология, онкология, гинекология және урология салаларындағы мамандардың басшылығымен жоғары білікті медициналық көмек көрсетіледі. Жоғарыда аталған медициналық ұйым мамандармен бос жұмыс орындарын толтыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде, ол үшін бірқатар шаралар ұсынылады: бәсекеге қабілетті жалақы ұсыну. Кепілдендірілген қызметтік тұрғын үй беру. Тұрғын үй сатып алу үшін несие беру мүмкіндігі».
Фотоколлаж: Дуйсенбек Әсем
Сіз білмейтін Қарағандының бір бөлшегі Қарағанды-Сұрыптау шағын ауданы жаңа әлем болып қайта ашылды деген үміттеміз! Бұл жерде де әлемнің басқа бөлігіндегідей түрлі мәселелер бар. Проблеманың үлкен, кішісі болмайды. Бастысы біз халықтың жағдайын жақсарту үшін керекті жерлерге жүгініп, істі дер кезінде шеше алуымыз қажет.
Дүйсенбек Әсем