Биыл елімізде өрт қаупі жоғары болады – ТЖМ
ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов өрт қаупінің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндады.
«Қазіргі таңда елімізде болып жатқан су тасқыны Төтенше жағдайлар министрлігінің кез келген қауіп-қатерге дайын екенін көрсетіп жатыр. Дәл осы режимде өрт қаупі кезеңінде барлық қажетті іс-шаралар ұйымдастырылады», – деді министр Үкімет отырысында.
Бүгінде әр өңірде ірі өрттермен күресу үшін күштер мен құралдар – республика бойынша шамамен 50 мың адам және 10 мыңнан астам техника дайындалған.
Қазавиақұтқару авиациясының 19 борты тұрақты дайындық режимінде тұр, оның 9-ы су төгетін құрылғылармен жабдықталған. Аэровизуалды барлау үшін 120 дрон бар. Сондай-ақ жаңадан құрылған республикалық Орман қорын күзету және қорғау қызметімен тығыз байланыс орнатылған. Министрліктің келісімімен әкімдіктер Табиғи өрттерді болдырмау жоспарларын бекітті.
«Өткен жылдың күзінде «Ормандала-2023» оқу-жаттығуы өткізілді. Ертең «Семей орманы» резерватында Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар өткіземіз. Барлық өңірде орман шаруашылығы мекемелері 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Бұдан басқа, министрліктің оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 жұмысшысы оқудан өтті», – деп түсіндірді министр.
Өңірлерде профилактикалық іс-шаралар жалғасуда және шаруа қожалықтарын аралау практикасы жаңартылды.
«Бүгінде орманды дала алаптары мен демалыс орындарында мобильді топтар өрт қағидаларын бұзғаны үшін 630 адамға айыппұл салды», – деді спикер.