Биыл өткен бес айда 7 жасөспірім қыз өмірге нәресте әкелген.
СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде «Халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау апталығының басталуы туралы» баспасөз конференциясы өтті.
Облыстық перинаталдық орталық директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 15-49 жас аралығында шамамен 116 мыңнан астам әйел тұрады. Олардың жартысына жуығы аурулар бойынша есепте тұр.
«Бүгінгі күні перинаталдық орталықта денсаулығында кінәраты бар, салдарынан іштегі баланың шетінеп кету қаупі жоғары 25 жүкті әйел тіркеуде тұр. Олар Астана қаласындағы Ана мен бала орталығында босанады деп жоспарланған. Өңірде отбасын жоспарлау бойынша 18 кабинет жұмыс істейді. Сондай-ақ, перинаталдық орталықта пренатальды скрининг арқылы ұрықтың даму ақаулары анықталады, бұл жүктіліктің уақтылы үзілуіне ықпал етеді», - дейді орталық директоры.
СҚО-ға «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 3 жыл ішінде экстракорпоральды ұрықтандыруға 608 квота бөлінген, 194 жағдайында нәтиже оң болды. Соның ішінде 25 егіз дүниеге келді. Биыл өңірге 189 квота бөлінді, оның 84-і мақұлданды, бағдарламаға қазір 67 ерлі-зайыпты қатысып жатыр.
«Өткен жылы алты мыңға жуық әйел босанса, оның 46-сы жасөспірім қыз. 2 188 жасанды түсік жасалды, соның ішінде 14-і - жасөспірім қыз. Бүгінгі таңда СҚО-да жасөспірім қыздардың саны – 10 450, оның ішінде 502 қыздың экстрагениталды патологиясы бар. Жүктілік бойынша 38-і есепте тұр. 2024 жылдың 5 айында 7 жасөспірім қыз босанды, былтыр осы кезеңде 19 жасөспірім қыз туды. Биыл 5 айда 889 жасанды түсік жасалса, оның төртеуі жасөспірімдерге тиесілі», - дейді Елена Калюжная.