Алматыда кәсіпкерлерге арналған Almaty Business порталы іске қосылады
Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов ӨКҚ брифингінде мегаполис кәсіпкерлері үшін «Almaty Business» жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Нұрсұлтан Шоқановтың айтуынша, «Almaty Business» – бұл Өңірлік палата биыл жүзеге асырып жатқан бірегей жоба.
«Almaty Business порталы құрылуда. Оған 4 негізгі компонент кіреді: бизнеске арналған онлайн-қызмет, оқыту, сауалнамалар және сараптама. Онда біз кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бизнестің пайдасы үшін барлық цифрлық әзірлемелерді шоғырландыруға тырысамыз. Мұның бәрін біз қаланы дамытудың басымдықтарына байланысты жасаймыз», - деді ол.
Алматы қаласы ӨКП директоры кәсіпкерлерге арналған порталда 30 жуық онлайн-қызмет болатынын атап өтті. Сондай-ақ порталда 2 мыңға жуық кәсіпкерден тұрақты түрде сауалнама жүргізіледі. Сауалнамаға қатысушыларды 2026 жылға қарай 7 мыңға жеткізу жоспарланған.
Сонымен қатар Almaty Business жобасы аясында 6 мыңға жуық кәсіпкер оқытылады.