АҚШ-тың бұрынғы президенті арсың-гүрсің Трампты ажал жағалады

15.07.2024, 13:53
1193
АҚШ-тың бұрынғы президенті арсың-гүрсің Трампты ажал жағалады AP Photo

АҚШ-тың бұрынғы президенті, ал алдағы күзде өтетін президент сайлауына тағы түсуге осы күні барын сала тыраштанып жатқан Дональд Трампқа бастан құлақ садақа дегеннің кері келді. Оған қастандық жасалды. Басына көздеп атылған оқ шалыс кетіп, бір құлағын жанап өтті. Құлағынан шашыраған қан аузы-мұрны мен иығына жағылды.

13-ші шілдеде Пенсильвания штатында өткен республикалықтардың сайлауалды митингісінде сөз сөйлеп тұрған Трампқа ту сыртынан оқ атылған. Ол маңда АҚШ Құпия қызметінің мемлекеттік күзет ісінің бір топ жасағы жұмыста болған. Күзет адамдары шұғыл әрекет етіп, оқ атқан адамды жойды. Оқ атқан адам 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Бұл тұрғын қарсы беттегі ғимараттың төбесіне шығып, Трамптың мінбесінен 130 метр қашықтықта қару ұстап бекінген екен. Сөйтіп, көздеп атқан. Бірақ атқан оғы шалыс кетіп, самайына немесе басына тимей, оң құлағының үстін жанап өткен. Сол сәтте мінбеге жақын тұрған бір адам оққа ұшты, екі адам жарақат алды. Трампты ажалдан оның ұшқалақтығы, мінбеде өзін алақ-жұлақ етіп ұстап, оңды-солды жиі бұрылып сөйлейтіні құтқарып қалды деп жатыр. Көздеп атылған оқтан Трамп бірнеше миллиметр ғана ауытқымағанда жаны жаһаннамға кететін еді.  

Оқ тиген сәтте Дональд Трамп бұғып қалып, мінбенің астына қарай бас сауғалады. Күзетшілердің төртеу-бесеуі оны қоршалап қалды. Бір айтарлығы, жарияланған суреттерден күзет қызметінің ішінде кемі үшеуінің қаруланған әйел адам екені көрінеді. Тағы бірнеше күзетші оқ атылған жаққа қарсы оқ атып, қатты қысыммен баратын шапшаң су шашты. Тағы да атуына жол бермеудің тәсілі осылай су шашу болса керек. Не керек, күзетшілер оқ атып, әлгі қастандық жасаған адамның көзін лезде жойды. Негізі жиын өтерден бұрын күзетшілер айнала-төңіректі де, ғимараттардың асты-үстін де тексерген деп жатыр. Ғимараттың үстінде көлбеңдеген әлгі адамды көргенде республикалықтарды қолдап селфи жасағысы келген біреу болар деп тимеген екен. Алайда ол адам киллер болып шыққан.

Күзетшілер Дональд Трампты сүйемелдеп тұрғызып, қоршалай қаумалап жетекке алды. Сол сәтте Трамп жиналған қарақұрым жақтастарына қарай «Күресіңдер! Күресіңдер!» деп үн қатып, қолын көтеріп бой көрсетті. Мұнысы оның саясаттағы өте тәжірибелі адам екенін аңғартса керек. Өлім аузынан қалып тұрса да өзін жоғалтпай, сайлаушыларына қарай үн қатып, өзінің еш саспағанын көрсетті. Күзетшілер оны сүйемелдеп апарып, көлікке отырғызды. Алдымен дәрігерге жеткізіп, ем-дом жасатты. Содан кейін Дональд Трамп өзінің гольф-клубына демалуға кетті. Ал бүгін Республикалық партияның съезі өтеді делінген. Әлгі қастандықтан кейін Трамп сол съезге міндетті түрде барып қатысатынын айтқан. Сонымен қатар ол Құпия қызметтің күзетшілері мен Федералдық тергеу бюросына ризалық білдірді.

Бұл жағдай Американы ғана емес, бүкіл жер-жүзін шулатты. Кім біледі, қастандықтан аман қалуының өзі оған саяси ұпай әперуі де мүмкін. Немесе осы жағдайдан кейін республикалықтар мен демократтардың арасы суып кетуі де ғажап емес деп жатыр. Қастандыққа қатты алаңдағандардың бірі президент Джо Байден болды. Джо Байден Дональд Трампқа телефон соғып, жағдайын сұрап, амандық тіледі. «Оның қауіпсіз жерде және өзін жақсы сезініп отырғанын естіп қуанып отырмын. Оның және отбасының, митингіде болғандардың  амандығын тілеймін. Әзірге біз мәліметтерді күтеміз. Жұбайым Джилл екеуміз оның қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Құпия қызметке ризалық білдіреміз. Америкада мұндай зорлыққа орын жоқ. Оны айыптауда бүкіл ұлт бірігуі керек», - деп жазды Байден Х әлеуметтік желісінде.  

Қастандық жасаған 20 жастағы тұрғынның неліктен мұндай әрекетке барғаны зерттеліп жатыр. Бұрынғы президентке, сондай-ақ президенттіктен қазіргі сайлауда үміткерге қастандық жасау әрекеті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Біреулер оған тапсырыс берді ма, жоқ па, бұл жағы әзірге анық емес. Қастандықты жасаған адам әлеуметтік желіде Трампты жек көретінін жазған екен. Кім біледі, бұл жерде біреудің тапсырысын орындау, сөйтіп киллердің жұмысын тындыру әрекеті болды ма, жоқ па, ол да белгісіз. Себебі көзі жойылған адамнан жауап ала алмайды. Дегенмен тексеру, зерттеу басталған.

Дональд Трамп Құпия қызметке ризалық білдірді. Өзінің бір өлімнен қалғанын айтты. Алаңда қаза болған адамның туыстарына көңіл айтты. Дональд Трампқа қолдау білдіріп, амандығын тілеп жатқан белгілі тұлғалар көп. Бұрынғы президент Барак Обама, қазіргі Қорғаныс министрі Ллойд Остин, әйгілі миллиардер Илон Маск, тағы басқалар үн қатты. Көптеген елдердің көшбасшылары Дональд Трампқа қастандық жасалуын айыптады. Олардың қатарында Қазақстан президенті де бар.

Ресейде теракт жасамақ болған жасөспірім тұтқындалды «Екінші рет алып жатырмыз»: Мақпал Жүнісова қызы Мерейдің туған күніне ерекше сыйлық жасады Семейде 12 жастағы баланы бір топ жасөспірім соққыға жықты Әлихан Әскербай Астанада ауыр атлетикадан Азия чемпионы атанды 2 миллиард теңге жымқырған: Риддер қаласының бұрынғы әкімі сотталды Ақмола облысында су құбыры желілерін тарту үшін заңсыз жолмен алынған активтерден 21,5 млрд теңге бағытталды Бүгін әйелдер футболынан Қазақстан чемпионатының он екінші турының матчтары өтеді Алматы облысында полицейлердің арнайы операциясы нәтижесінде жасырын есірткі зертханасы әшкере болды Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 78-ге жетті, оның ішінде 28 бала бар Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында елордада ерекше отшашу өтті Жартаста қалып қойған: Құтқарушылар Шымбұлақ маңынан үш жасөспірімді тауып алды Екібастұзда жасөспірім суға батып кетті Ердоған Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленіске пікір білдірді Мейірхан Шерниязов түрмеден неге ерте шыққанын түсіндірді (ВИДЕО) «Жалғыз күресіп, қиналып кеттім»: Қымбат Досжан Жәнібекке қатысты қуанышты хабарды жеткізді Алматы әуежайында балаға әйнек сынығы түсіп, жарақат алды Қарағандыда көлік отқа оранып, жеті адам қаза болды (ВИДЕО) «Жиіркенішті»: Көкшетауда ер адам далада тыр жалаңаш шешініп, қыздарды шошытты (ВИДЕО) Назарбаевтың келінінің туған күнінде ресейлік әнші Алсу әндетті Берденовке оқ атты деген Ернар Жиембайдың анасы алғаш рет мәлімдеме жасады (ВИДЕО)