«Алла бұйырмады демей, жаттығу керек»: танымал бапкер боксшылардың мінезсіздігін айтты
Ол 4 жылда бір келетін Олимпиадаға боксшылар салғырт қарап жүргенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде аса танымал бапкер, балалардың жаттықтырушысы Мұхит Амантаев «Бірінші бол» подкастына берген сұхбатында қазақ боксінің құлдырау себебін айтты.
«Мықтыларды аяғынан шалмай, жарыстарға апару керек. Қазақ бір-бірін көре алмайды. Кішкентай кезінен балаларды бөліп, «анау ананың баласы, мынаның көкесі мынау» дегенді қою керек. Аға-көкелер ойнап жүрген кезде бокс құрдымға кетіп жатыр.
Осылай кете берсе, ертең Олимпиада алтыны емес, Олимпиада медаліне зар болып, соған қуанып отырамыз», - дейді ол.
Бапкер боксшылардың рингте құшақтасып тұрып алатынына ашуланды.
«Олимпиадаға бару - әр спортшының арманы. Төрт жылда бір келетін додада жаныңды салып күресуің керек. Олимпиадаға шығып тұрсың ба - соққыны аяма. Біздің спортшылар болса, рингке шығып алады да бір-екі ғана соққы жібереді. Құшақтасып тұрады.
Жеңілген соң «Алла бұйыртпады, қаламады» дейді. Боксшыларға мінез жетпейді. Бәрі де спортшының өз қолында», - дейді Мұхит Амантаев.
Материал авторы