1042

Ең креативті жастар Президенттің жеке мобилографы болу мүмкіндігін алады

Президенттің мобилографы болғысы келетін креатив жастар арасында байқау жарияланды.

Ең креативті жастар Президенттің жеке мобилографы болу мүмкіндігін алады
коллаж smartnews.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ең жас және креативті мобилограф Президенттің жеке мобилографы болуы мүмкіндігін алады. Танымал мобилограф, режиссер Қыран Талапбек өзінің Instagram парақшасында жариялады. Бұл туралы Kazinform жазды.

«Бұл - тарихи сәт, ең жас және креативті мобилограф Президенттің 1 күндік жеке мобилографы бола алады. Бұл жаңа кәсіп еліміздің тарихын жасайтын - тарихи кезең. Құрметті ханымдар мен мырзалар, барлық шәкірттеріміз бен мобилографтар, контентмейкерлер! Видеоларыңызды Тикток және Инстаграмға #nomadgamesfest салыңыз. Көшпенділер ойындарына арналған ең креативті промо-ролик түсіріп, оны әлеуметтік желілерге, WhatsApp, Telegram-ға #nomadgamesfest хештегімен жариялаңыз. Бұл - сіздің өзіңіздің қабілеттеріңізді көрсетіп, керемет сыйлықтар ұтып алатын мүмкіндігіңіз!», - деп жазды Қ. Талапбек.

Бұл тұрғыда ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысының бастамасымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін еске салды. 

«Оған әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2 мыңнан астам спортшы қатысада. Сондықтан бұл бәсекенің бәсі биік. Бабадан қалған мол мұраны, бүгінге жеткен асыл қазынаны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас ету – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы орайда Президенттің Баспасөз қызметі мен Kyran Films компаниясы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы үздік бейнеролик байқауын ұйымдастыруды көздеп отыр. Мақсат – тамыры тереңнен тартатын спорттық ойындарды халық арасында кеңінен насихаттау, көшпенділер ойындарының мәні мен маңызын арттыру, дүбірлі доданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысу», - деді Берік Уәли.

Байқау аясында гран-приге Президенттің жеке мобилографы болу, iPhone 15 Pro Max, MOBILOGRAPHY BOX (жарық, микрофон) және 1 000 000 теңге қарастырылған.

2 орын - 1 000 000 теңге.

3 орын- iPhone 15 Pro Max.

4 орын- 500 000 теңге.

5-15 орындар- MOBILOGRAPHY box (жарық және микрофондар).

16-20 орындар - Мобилография курсы (онлайн оқу).

21-100 орындар- Жеке мадақтамалар.

101-150 орындар - Арнайы сертификаттар.

Бөлек 50 орын қарастырылған. Видеоңыз әлеуметтік желіде 100 000 жинаған қаралымыңыз үшін 50 000 теңге сыйлыққа беріледі (TikTok, Instagram).

«Қатысушыларды 1 қыркүйекке дейін қабылдаймыз, ал жеңімпаздарды 9 қыркүйекте анықтаймыз. Қатысыңыздар, тарихты бірге жасайық!» - дейді Қыран Талапбек.