837

Әйгілі сәйгүлік Қабірхан Көшпенділер ойынында өнер көрсетуі мүмкін

10 күннен соң басталатын додаға әйгілі сәйгүлік қатысуы мүмкін.

Әйгілі сәйгүлік Қабірхан Көшпенділер ойынында өнер көрсетуі мүмкін
instagram / racingdubai

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қайырхан Мәулен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қандай танымал сәйгүліктер келетінін айтып берді. Бұл туралы Kazinform жазды.

«Ұлттық құрамада тек көкпар бойынша 30-ға жуық ат әзірленіп жатыр. Оның ішінде 24-і ертең келеді. Сол 24 аттың барлығының да атақтары бар, бүгінгі күнге дейін жеңістерге жеткен. Әлем чемпионатында жеңген Нұрғасқа сәйгүлігі бар, онымен Құрманбек Тұрғанбек атты үкілеген үмітіміз өнер көрсетеді. Одан бөлек, Жұмыртұяқ, Секрет атты талай бәйгеде топ жарған аттар келуі ықтимал. Тіпті Дубайдағы бәйгеде жеңіске жеткен Кабирханды білесіздер, Қабірхан келеді деп жоспарланған», - деді Қ.Мәулен «Қазанат» ипподромында өткен баспасөз мәслихатында.

Бірақ спикердің айтуынша, әлі де ауа райы мен транспортқа байланысты өзгерістер болуы мүмкін.

«Олар жеке адамдардың аттары болғандықтан мемлекеттің, ұлттық құраманың құзырындағы іс емес. Сондықтан осындай нюанстар бар. Бірақ еліміздің атынан қатысатын сәйгүліктердің бәрі өте жақсы таңдалған және дайындалған», - деді ол.

Еске сала кетейік, жыл басында қазақстандық сәйгүлік Кабирхан Дубайда өткен жарыста топ жарған еді. Талай шетелдікті таңдай қақтырған тұлпар Қазақстанның атын әлемге танытты.

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 8-13 қыркүйек аралығында өтеді. Әлемдік додаға 89 елден 2800-ге жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр. Онда спорттың 21 түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ.

Материал авторы