1253

Келе жатсам көшеде: Жігіттерді әскерге «алып қашу» жалғаса ма?

Соңғы уақытта әлемде соғыс оты тұтанып, мемлекеттер қорғаныс саласына көп көңіл бөле бастады. Алдыңғы жылдары елімізде әскерге жарамды жігіттерді көшеден алып кету деректері тіркеліп, жастар далаға шығуға қорқып қалғаны рас.

Келе жатсам көшеде: Жігіттерді әскерге «алып қашу» жалғаса ма?
коллаж smartnews.kz

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбеков бұл мәселеге қатысты пікірін білдірді.

«Бұл әрекет көктемгі шақырылымда болды, күзгі шақырылымда ол әрекетке барған жоқпыз, себебі мәселенің оңтайлы шешімі табылды. Қазіргі таңда әкімнің идеология жөніндегі орынбасарлары жастарды тәрбиелеу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Сол сияқты алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерімен де тығыз жұмыс қолға алынды. Одан қалды зейнеттегі әскери ардагерлердің үгіт-насихат шараларының арқасында біз қазір көшеден ұстау немесе күштеп әкетуге жол беріп жатқан жоқпыз», - деді ол.

Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулин жастарды көшеден алып кету фактілері көп тіркелмегенін алға тартып отыр.

«Әскер қатарына жылына 40 мыңға тарта азаматты шақырсақ, олардың арасында көшеден алып кеткен бірер жағдай болып қалуы мүмкін. Ішкі істер органдары әскерге келмей жүргендерді іздестіру шараларын қамтамасыз етеді, бұл жерде ішкі істер органдарының әрекеттері заңды. Ал азамат неліктен өзі келмейді? Оның әртүрлі себептері бар, мысалы, ол бір жерде тіркеуде тұрып, өзі басқа қалада жүруі мүмкін», - деді ол.

Материал авторы