780

Бақытжан Базарбек: Үкімет мүшелері дұрыстап дайындалып келіңіздер!

Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралды. Бұл жөнінде баяндама жасаған ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевке мәжіліс депутаттары сауалдарын қарша боратты.

Бақытжан Базарбек: Үкімет мүшелері дұрыстап дайындалып келіңіздер!
коллаж smartnews.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек баяндамашының жауабына көңілі толмай, заң жобасын Парламентке жолдамай тұрып, жақсылап дайындалып келуге кеңес берді.

«Келісімшарттың 5-бабына сәйкес, қос мемлекет бір-бірінің полигондарын пайдаланады делінген. Қазақстанда не көп, полигон көп. Білуімше, Қатарда полигон жоқ, тек әскери база бар. Заң жобасын дұрыс қарамағансыз. Алдағы уақытта Үкімет мүшелері Парламент қабырғасына келмей тұрып, заң құжаттамаларын дұрыстап оқып алғаны абзал», - деді депутат.

Айта кетейік, әскери ынтымақтастық ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруды, мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі мүддесінде сенім мен әріптестік шараларын кеңейту мен нығайтуды көздейді. 1993 жылы Қатар мемлекеті мен дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бастап бұл ел Парсы шығанағындағы Қазақстанның маңызды серіктесіне айналғанын атап өткен жөн.

Материал авторы