Өкініп, қалың ойда жүр ме десек, тойда жүр: Дәулет Тұрлыхановтың ұлы түрмеге тоғытыла ма?
Былтыр ақпанда Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жығып, сот оны шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Ол күнде пробация қызметіне байланысқа шығып, 23-00-де үйде отыруға тиіс. Егер заңбұзушылықтар анықталса, шартты мерзім нақты мерзімге ауыстырылуы мүмкін.
Бүгін әлеуметтік желілерде Нұрасыл Болаттың Алматыда түнде тойда жүрген видеосы тарады.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Нұрасыл Болат Алматы қаласының пробация қызметінде есепте тұр.
«Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр», - деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.
Нұрасыл Болат бұған дейін де түнгі уақытта көшеде жүріп, жұрт көзіне түскен болатын. Ескертуді елемеген ол енді темір торға тоғытылуы мүмкін.
Материал авторы