SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 18 қазан күні Алматыда психикалық денсаулық орталығының бұрынғы бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, нотариустар, риэлторлар және қайта қылмыс жасағандардың қатысуымен сот отырысы өтті. Бұл қаралымда зейнеткер Эмма Кондратьевна Долгованың үйін заңсыз иемдену және оны қасақана өлтіру ісі бойынша 8 адам куәгерлік етті. Stan.kz процеске қатысып, жәбірленушілерден тың деректерді анықтаған.
Марқұм Эмма Долгова ауырмай тұрып оның үйін А.Минская мен бұрынғы күйеуі жалға алып тұрған. Ерлі-зайыпты көшіп кеткеннен кейін де зейнеткермен жақсы қарым-қатынас құрып, түрлі отбасылық мерекелерде төбе көрсетіп жүрген. Отбасының жақын адамына айналған олар Долгованың бір уақытта төсек тартып, ауыр халде жатқанын біледі. Осы уақытта зейнеткердің денсаулығына қарайтын көмекші ретінде Долгованың әпкесінің қызы Ирина Гаппарова келеді. Сол сәттен бастап Ирина жұбайларды әйелге жақындатпауға тырасады.
"Эмма Кондратьевна бұған дейін ақша айырбастау орнында қызмет істеген. Әрқашан қомақты қаржы жинап жүретін. Депозитте 4 миллионнан аса ақшам бар деді. Атындағы екі үйдің біреуін туған ұлына және қайтыс болып кеткен ұлының қызына мұрагерлікке жазып беремін деп отыратын. Өкінішке қарай, сол кездің өзінде ұлы Евгений Калинин қатты мастыққа салынып кеткен еді. Ал ол кезде немере қызы әлі кәмелет жасқа толмады. Бір күні Эмма Кондратьевнаның ақшасы жоғалып кетті. Ол дәретханаға кіріп кеткен кезде 100 мың теңге болған. Шыққан кезде 80 мың теңге ғана қалып, 20 мың теңге жетпей тұрған. Сол кезде Гаппарова бұл ақшаны Евгений Калинин ұрлады деп айтқан. Алайда Евгений мас күйде жүрсе де, ешқашан бір тиын да алмаған. Ол ақшаны ұрламаған", – деді куәгер Минская.
Минскаяға Долгова қатты ауырып тұрғанын айтып хабарласқан. Олардың үйге шұғыл түрде жетуін өтінген. Ауырып тұрғанына қарамастан отбасылық досына бір деректі айтып үлгерген.
"Ол маған қазір денсаулығының нашарлап кеткенін айтты. Сол кезде мен одан "Сіз мұрагерлікке қатысты өсиет жаздыңыз ба? деп сұрадым. Ол маған "Қазір ешнәрсе қолымнан келмейді. Бәрін менің орныма шешім қойды" деп жауап берді. Мұны менің бұрынғы күйеуім де естіген, куәгер болған. Сол кезде зейнеткердің жанында Гаппарова болатын. Ол сол әйелдің атын ақырын атады. Оның жағдайы күннен-күнге нашарлай берді. Өт жолы ауруы асқына түсті. Соңғы күндері оған барғанымда ол тек сол жағында жататын, астына жайма төселіп, қасында бір шелек тұратын. Оның өт жолы ауырып, құса беретін. Оны соңғы рет көргенімде тіпті сөйлей де алмайтын", – деді отбасылық досы Минская.
Фото: Stan.kz / куәгер Минская және Сергеев
Минскаяның айтуынша, сол күні жұбайы екеуі жедел-жәрдем қызметін шақырған. Бірақ Гаппарова қарсы шығып, оларды қандай да бір ақылы емханаға апарған. Сол жердегілер егде тартқан әйелді ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ, тек амбулаториялық ем жеткілікті деп айтты.
Минскаяның күйеуі Сергеев те сот отырысында куәгер болды. Сот талқылауында екеуінің сөзі де бір жерден шықты. Ер адамның айтуынша, Долгованы жерлеген кезде әйелдің мойнына және басына ақ матаны түйіншек секілді орап қойғанын байқаған.
"Эмма Долгова екінші рет қатты ауырған кезде бізді Гаппарова үйге кіргізбей, қуып шықты. Сол кезде оны ауруханаға жатқызғымыз келді. Алайда ол қарсы шығып, біздің зейнеткерге еш туыстық жақындығымыз жоқ екенін алға тартты. Бұдан кейін ол отбасымен араласпай кеттік. Бірақ жерлеу рәсіміне бізді шақырды. Сол уақытта қарияның өз өлімімен өлмегенін сезгендей болдық", – деді куәгер Сергеев.
Іс қарауында Долгова көз жұмбай тұрып, үйді Ирина Гаппароваға рәсімдеп бергені туралы айтылды. Өлімнің артын суытпай Гаппарова бірнеше айда қос пәтерді сатылымға қойған. Пәтерлер Қазыбек би және Сүлейменов көшелерінде орналасқан. Қазыбек би көшесіндегі үй сатылғанша, Гаппарова туысқан сіңлісіне үйдегі мысықтарды қарай тұр деп өтініш тастаған. Бүгінгі сотта сол Гаппарованың әпкесінің қызы және Нүсіпованың қызы куәгерлік етті. Екеуі де үйде уақытша тұрғанын айтады.
"Иә, маған сонда тұр деп өтініш білдірген. Бұл ұсыныс тікелей Ирина Гаппаровадан емес, анам арқылы келген. Онда ит те, мысық та болды. Ит пен заттарға қарап тұрдым. Басында барып-келіп жүрдім, кейін сол жерде тұрдым", – деді немере сіңлісі.
Фото: Stan.kz / Гаппарованың туған әпкесінің қызы және немере қызы
Сонымен қатар отырыс барысында немере сіңлісі Гаппарова оны қаладағы "Медициналық-психологиялық мәселелер орталығы" мамандандырылған ауруханасында бос орын бар екенін айтып, қызметке орналасу үшін сұхбаттан өтуге шақырған. Алайда немере сіңлісі "фельдшер" мамандығы бойынша орта білімі болғандықтан бас дәрігер оны жұмысқа қабылдамаған көрінеді.
Бұдан кейін Гаппарованың сіңлілері Қазыбек би көшесіндегі үйді әлдекімдер сатып алғанын біледі. Себебі үйдің жаңа иесі пәтерге келіп, үйде басқа біреулер тұрып жатқанына таңданады. Олар баратын жері жоқ екенін айтып, айына 93 мың теңге төлеп тұруды өтінеді. Біраз уақыт өткен соң олар үйді босатады. Сотта осы үйдің қазіргі иесі Бектенов те сөз сөйледі.
Оның айтуынша, әуел баста, Гаппаровамен оны ортақ досы таныстырған. Кейін Гаппарова Бектеновтен 8 миллион теңге қарыз сұрап, Қазыбек би көшесіндегі үйді кепілге қойған. Кепілхатты Сұлтанбеков есімді нотариус заңдастырып берген. Арада 6 ай уақыт өткен соң Гаппарова Бектеновке қарызды қайтарады. Бұдан бірнеше апта өткен соң Гаппарова оған үйді сатып алу туралы ұсыныс тастайды. Ешнәрсе жоғалтпайтынын білген кәсіпкер Бектенов үйді 15 миллионға сатып алады.
Фото: Stan.kz / Үйді алданып, сатып алғандар куәгерлік етті
Ал Сүлейменов көшесіндегі екінші үй 18 миллион 500 мыңға сатылады. Қазір осы үйдің иесі бұл үйді алу үшін несиеге белшесінен батқанын, сондықтан өзін жәбірленушілердің бірі ретінде қосуын талап етті.
Судья Болатов процеске жерлеу агенттігінің директорын куәгерлік етуге шақырды.
Наталья есімді директор, жерлеу кезінде ешқандай қастандық іздерін байқамағанын ескертті. Себебі ол қандай да бір олқылықты байқап, сезіктенген жағдайда полицияны шақыруға мүдделі екенін атап өтті. Бірақ отырыс барысында ол Гаппарованың өтінішімен, өлімді тіркеу үшін аурухана қызметкерлерін шақырудың орнына, жеке сот медициналық экспертіне хабарласқанын айтып қалды. Ал сарапшы Колесников Гаппарованың танысы болып шығады.
Судья Болатов осы кезде жерлеу қызметінің басшысына сұрақ қойды.
"Сіз агент ретінде жақсы білесіз. Адамды жерлеу кезінде оның өліміне байланысты медициналық қорытындының бар екеніне көз жеткізу керек, солай ма? Сарапшыдан өлімнің себебі туралы қорытынды алынуы қажет. Демек сіз Гаппарованың өтініші бойынша келдіңіз, менің мынадай сұрағым бар: Неге сіз, бұл сіздің міндетіңізге кірмесе де, сот-медициналық сарапшыны шақырдыңыз?" – деді судья.
Жақсы. Сізге Гаппарова поликлиникамен қиындықтар болуы мүмкін екенін айтты, солай ма?
– Иә.
– Бұл сізді алаңдатпады ма?
– Жоқ.
– Неге?
"Себебі қазіргі кезде бұл 50 де 50 жағдай. Адамдар өз туыстарына… Ол бірінші емес, соңғы да емес. Бүгінде менің адамдарымның жартысы сот-медициналық сарапшыларды үйге шақыруды өтінеді. Себебі емханамен мәселе болып кетеді. Ауруханалар бізге қазір анықтама бергісі келмейді, не басқа бір себептермен бермейді. Сол ғана. Бұл сирек жағдай емес, Колесников басқаларға да жиі барады", – деп жауап берді жерлеу қызметінің директоры Наталья.
Фото: Stan.kz / Жерлеу агенттігінің директоры
Жәбірленушінің немересі Элеонорадан істің мән-жайын сұрап көрдік. Оның айтуынша, Гаппарова оны жақтырмаған. Туысқандарына оның артынан жала жапқанын айтады. Долгованың немере қызы әжесі көз жұмар алдында Гаппарованың 7 жыл бойы жоқ болып кеткенін еске алды.
"Әжем бұған дейін мүлдем ауырмаған еді. Гаппарова оқиғадан бұрын ғана, 7 жылдан кейін пайда бола қалды. Содан кейін әжем күрт ауырып қалды. Сол кезде әжеміз ешнәрсе айта алмады. Әжемді емдетейін деп барған кезде үйде болған Татьяна мен Гаппарова мені кіргізбей қойды. Алып кетуіме кедергі келтірді. Әжемді өлтіргендердің қатаң жазаланғанын қалаймын. Әділдік салтанат құрсын деп тілеймін. Себебі ол әкемнің ағасы Евгенийді де өлтіріп кетті", – деді жәбірленуші.
Ал жәбірленуші тараптың адвокаты Оксана Буряктың бастапқыда түсірген арызын полиция қабылдамай қойған. Кейін күдіктілер оның басқа да алаяқтық іске қатысы болғандықтан тергеу барысына қосыпты.
"Элеонора әжесі көз жұмғанда енді кәмелетке толған еді. Сол кезде ол маған көмекке жүгінді. Әжесінің денесін үйден шығарып жатқан кезде оны сол жерден шығарып жіберді. "Сен мұнда ешкім емессің" деп айтты. Осы жағдайға байланысты біз оған көмектесеміз деп шешім қабылдадық. Өйткені ол құқықтық қорғанысқа мұқтаж болды", – деді адвокат Оксана Буряк.
Полиция Гаппарова деген айыпталушыны тауып, оған қажет құжаттарды, атап айтқанда, мұрагерлік істерді жүргізу үшін өсиет және сенімхат ұсынды.
"Бізді алаңдатқан жайт өсиет 2020 жылдың 9 қыркүйегінде рәсімделген. Ал ол кезде Долгова өз қолымен қол қоя алмайтын еді. Онда Гаппарова қол қоюшы мен куәгер ретінде айыпталушылардың бірі болды. Келесі күні, қандай екені белгісіз әжесі мұрагерлік істерді жүргізу үшін сенімхатты Гаппароваға жазып бергені туралы айтылды. Ирина Гаппарованың барлық эпизодқа қатысы бар. Айыптау актісіне сәйкес, ол негізінен ұйымдасқан қылмыстық топтың (ОПГ) ұйымдастырушысы ретінде күдікке ілінді. Сараптама нәтижесінде марқұмның денесіне эксгумация жасалып, қылғындырып өлтірілгені туралы анықталды", – деді жәбірленушінің адвокаты.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, іс Қылмыстық кодекстегі 12 бап бойынша, 37 эпизодтық іс қаралып жатыр.