Елнар Базыкен: «2030 жылға қарай Астанада тұрғындар мен қонақтар үшін көптеген жайлы және қолайлы орындар пайда болады»

11.11.2024, 14:42
345
Елнар Базыкен: «2030 жылға қарай Астанада тұрғындар мен қонақтар үшін көптеген жайлы және қолайлы орындар пайда болады» Адилжан Амина

Жас әрі қарқынды өсіп келе жатқан Астана қаласы үлкен мегаполистерге тән тығыз құрылыс, экологиялық мәселелер және тұрғындар үшін қолайлы орта құру сияқты қиындықтармен кездесуде.

Қала маңындағы табиғи аймақтарды, әсіресе Талдыкөл сияқты маңызды экожүйелерді сақтау қажеттілігі күн тәртібінде тұр.

Осындай жағдайда, “Елорданың болашағы қандай болмақ және оны қалай заманауи әрі экологиялық тұрақты қалаға айналдыруға болады?” деген сұрақтар туындайды. Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында, біз Астана қаласының урбанистика орталығы басшысымен, архитектор және урбанист Елнар Базыкенмен сұхбаттастық.

- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рақмет! Сіздің урбанистика мен архитектура саласындағы жұмысыңыз тек мамандардың ғана емес, бүкіл қоғамның назарын аударуда, себебі экология мен тұрақты даму мәселелері біздің қаламыз үшін барған сайын өзекті болуда. Қазіргі таңда Талдыкөл мәселесі, экологтар мен қала тұрғындары арасында талқылауға түсуде. Алғашқы сұрағым, басқа елдерде қалалық су айдындарын сақтауға арналған қандай стратегиялар немесе тәсілдер қолданылады және оларды Астанаға бейімдеуге бола ма?

- Иә, бүгінде қалада осы ауданның қалай дамитыны туралы нақты көзқарас бар. Жалпы, біз тарихтан келе жатқан Батыс Тұран ауданындағы су айдындарын қорғауға тырысамыз. Бұл жерде бұрын 9 көл тобы болған. Бүгінде 5, 7 және 9-аймақтарда рекреациялық аймақ – экосаябақ құру туралы шешім қабылданды. Жалпы алаңы 160 гектардан астам болады. Жобаның негізгі тұжырымдамасы – табиғи қалалық орта құру. Яғни бізге сол ауданда құрылыс пен табиғи аймақтың арасындағы тепе-теңдікті антропогендік әсерсіз сақтау қажет. Осыған байланысты қазір қалада әртүрлі жобалар әзірленуде. Жалпы, бұл тұрақты қалалық орта болады. Бұл ортаны барынша табиғи етіп жасауға және сол ауданда қажетті инфрақұрылымды құруға деген белгілі бір көзқарас бар. Өйткені, сіз білесіз бе, бүгінде қалада көші-қон қарқыны жоғары. Жақында ғана қала халқы 1,5 миллионға жеткені жарияланды. Сол аймақ бастапқыда даму үшін жоспарланған болатын, онда көптеген әлеуметтік нысандар: мектептер, балабақшалар, тұрғын үй кешендері, қоғамдық кеңістіктер қарастырылған. Сондықтан бұл аймақ қала белсенділері мен экологтардың талаптарына сәйкес барынша ұқыпты түрде дамитын болады. Яғни, бұл мәселе бүгінде күн тәртібінде тұр.

Коллаж авторы: Адилжан Амина

- Қазіргі уақытта тұрғын үй кешендерінің және басқа да құрылыстардың көлдің экожүйесі мен оған жақын аумақтарға әсерін қалай бағалайсыз?

- Біз анализ жүргізген болатынбыз. Осы су айдындары оңтүстіктен солтүстікке қарай ағады, яғни олардың өз бағыты бар, бұл тарихи ағындар. Бұл көлдер қалай қалыптасқаны туралы әртүрлі деректер бар, олар тіпті елорда болғанға дейін пайда болған. Бүгінде құрылыс бұл су айдындарының табиғи ағысына қарама-қайшы келді. Бұл процесс Сығанақ көшесі мен Хан Шатырдың артындағы көшелерді сала бастаған кезде басталды. Бұрын ол жерде де су айдыны болған. Бұл аймақтың бәрі батпақты жер болған, ал қаланың инфрақұрылымы, яғни бас жоспар, осы су айдындарын сегментациялап жіберді. Соның салдарынан кейбір учаскелер құрылыстың астында қалды, ал кейбір учаскелер табиғи түрде тозып, көл бөлініп кетті. Жаңа Роза Бағланова, Сығанақ және басқа да көшелер бұл жүйені кесіп өтті. Бірақ қазір бізге тепе-теңдік қажет екенін түсінеміз, сондықтан сол ауданның ландшафтық бас жоспары әзірленіп жатыр. Белгілі бір аймақтар қалпына келтіріліп, табиғатқа және қоршаған ортаға қайтарылады. Тепе-теңдік болуы керек, табиғат бәрібір өз жолын табады. Су айдындары пайда бола береді, өйткені жер астында деңгейі төмен су бар, сондықтан су бәрібір бар және болады. Бүгінгі күні адамдар су жоқ деп ойласа да, ол бар, жер астына кетеді. Сондықтан қалада осындай жасыл қаңқа бар, яғни жасыл желектер пайда болады, тоғандар, экосаябақтар және қажетті микроклиматты жасау үшін басқа да орталар пайда болады.

- Осыған байланысты келесі сұрағым, экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру үшін экологиялық қиындықтарға тап болған қалалар кешенді тәсілді қажет етеді. Қоршаған ортаға зиян тигізген қалаларды «сауықтыру» үшін қандай шаралар қабылдау керек?

- Бұл тек біздің қалалардың ғана емес, сонымен қатар миграция деңгейі жоғары барлық қалалардың мәселесі. Тіпті БҰҰ мәліметтері бойынша, жер халқының 50%-дан астамы қалаларда тұрады, және бұл көрсеткіш әлі де өсуде. Бұл инфрақұрылым мен қалалық қызметтерді дамытуды қажет етеді және қоршаған ортаға да әсер етеді. Бүгінгі күні тұрақты шешімдер қабылдау қажет екені туралы түсінік бар. Тұрақтылық дегеніміз не? Бұл қала өмірінің ұзақ кезеңіне арналған тұрақты шешімдер. Оның бірі – көгалдандыру, су менеджменті, ғимараттарды ұстауға арналған энергияны үнемдейтін технологияларды пайдалану, баламалы энергия көздеріне көшу, көміртекке тәуелділікті азайту және т.б. Бүгінде әлем беріп жатқан барлық заманауи бағыттарды қолдану қажет. Мысалы, Астана қаласында осы жылы 1 миллионнан астам жасыл желек отырғызылды, климат жұмсара бастады, ауа көбірек бола бастады. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, қалалар жайлы әрі экологиялық таза болады.

- Әлемнің көптеген қалаларында табиғатты қалалық ортаға сәтті енгізудің мысалдары бар. Мысалы, Сингапурда «саябақтағы қала» концепциясы жүзеге асырылып, онда жасыл аймақтар мен өсімдіктер қалалық сәулетке органикалық түрде енгізілген, «Gardens by the Bay» жобасы сияқты. Бұл тәсіл тек экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, туристерді де тартады. Қазақстанға қандай әлемдік тәжірибені әкелгіңіз келеді және біздің климаттық және инфрақұрылымдық ерекшеліктерімізді ескере отырып, бұл қаншалықты мүмкін?

- Иә, біз өткен жылы халықаралық тәжірибені зерттеуге үлкен жұмыс жасадық, бірнеше шет елдерге бардық. Бүгінгі күні көрші елдерде, соның ішінде еуропалық қалаларда белсенді қолданысқа ие тәжірибені көрдік. Біз үшін тұрақты шешімдердің мысалы – Германия.Германияда олар «қала-губка» концепциясын қабылдады, олардың көгалдандыру туралы өз жарғысы бар. Бұл бізге осындай құжатты өз қаламызда жасауға түрткі болды. Бұл құжат қаладағы көгалдандыру және су ресурстарын басқару бойынша барлық негізгі талаптарды қамтиды, мысалы, жасыл шатырларды, жаңбыр бақтарын пайдалану, барынша жасыл кеңістіктер құру. Өткен жылы осы құжат қабылданып, құрылыс салушылардың көгалдандыру жұмыстарын орындау көлемі екі жарым есе артты. Яғни, бүгінде құрылыс салушылар тиісті көгалдандыру және абаттандырусыз объектіні пайдалануға бере алмайды. Әлемде белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан барлық халықаралық тәжірибені біз де қолданамыз. Ал Сингапур сияқты елдерге келетін болсақ, бұл, әрине, керемет тәжірибе, бірақ бізді салыстыру қиын, өйткені бұл тропикалық аймақ. Астана орманға жарамсыз топырақта орналасқан. Бізде топырақ өте қиын, яғни Алматыда өсетін нәрсені өсіру Астанада әлдеқайда қиын. Бізде күрделі топырақтан бөлек, күрт континенталды климат бар. Яғни, бізде өсімдіктердің барлық түрлері тамыр жаймайды, сондықтан «Көгалдандыру жарғысы» құжатында біздің аймақта өсетін 28 ағаш түрі көрсетілген. Оның 22-сі жапырақты және 8-і қылқан жапырақты ағаштар. Бұл құжат бізге қаладағы көгалдандыру сапасын реттеуге және бақылауға мүмкіндік береді. Біз барлық зерттелген қалалардың ішінде тек біздің климатымызға бейімделген ағаш түрлерін пайдалану керек деген қорытындыға келдік, өйткені экзотикалық өсімдіктер отырғызылған кезде жағымсыз тәжірибелер болған.

Дереккөз: Астана қаласының урбанистика орталығы

- Осы жылы Астанадағы қалалық кеңістік қалай өзгерді, және тұрғындар үшін қандай жаңа қоғамдық орындар ашылды?

- Биыл Астанада 170 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды, оның ішінде 30 ірі қоғамдық орын бар. Қала тұрғындары бос жатқан жерлердің игеріліп, жаңа қызықты локациялардың пайда болғанын бағалады. Мысалы, жақында «Керуен» сауда орталығының алдында сынақ режимінде шағын саябақ ашылды. Бұрын бұл жерде бос жатқан, шаң, балшық басқан орын болатын. Бүгінде бұл қалалық орманға айналды. Жоба әлі де жетілдіріледі, келесі көктемде қосымша ағаш отырғызу жоспарланған. Содан кейін ботаникалық бақтың қарсысындағы «Ұлытау» аллеясында біз діңінің диаметрі 30–35 см болатын ересек ағаштарды отырғыздық. Ботаникалық бақ та абаттандырылды, және тұрғындар бұл өзгерістерді жоғары бағалады. Осындай жобаларды әрі қарай да жалғастыра аламыз. Мысалы, биыл «Бейбітшілік пен келісім» паркі ашылды. Онда туннель салынды, және бұл трендке айналып, қаланың барлық тұрғындары суретке түсу үшін сол жерге ағылды. Мұндай жобалар қалада ерекше қызығушылық тудырып, тұрғындардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді. Адамдар жаяу серуендеп, таза ауамен тыныстауға мүмкіндік алады.Бұл олардың денсаулығы мен көңіл-күйіне оң әсер етеді, себебі қала дегеніміз — ең алдымен адамдар. Ыңғайлы қалалық орта құру өте маңызды. Айналаңда кір мен саз болса, адамдардың көңіл-күйі де түсуі мүмкін. Осы тұрғыда, Астана бүгінгі таңда Қазақстанда даму үлгісі болып табылады, және бұл үрдіс бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Егер осы бағытты сақтасақ, менің ойымша, 2030 жылға қарай Астанада тұрғындар мен қонақтар үшін көптеген жайлы және қолайлы орындар пайда болады.

Дереккөз: Астана қаласының урбанистика орталығы

- Қазіргі уақытта жасанды интеллект пен үлкен деректер әртүрлі салаларда белсенді түрде қолданылады, және менің ойымша урбанистика саласы да бұл қатардан тыс қалмайды. Жасанды интеллект технологиялары қалалардың экологиялық жоспарлауына қалай әсер етуі мүмкін? Сіз өз жұмысыңызда оларды қолданасыз ба?

- Біз қазір жасанды интеллектті қолдануды игерудеміз. Мысалы, жақында біз дендрологиялық жоспарларды келісу үшін телеграм-арнаны іске қостық. Бұрын әр құрылысшы қағаз сызбаларын кабинетке әкеліп, келісу керек еді, ал қазір жобаның ақпаратын тек Telegram-ға жүктесе жеткілікті. Бізде телеграм-бот бар, ол ақпаратты бірден талдап, хабарлама, жауап және ұсыныстарды жібереді. Біздің сандық әлемде бұл өте ыңғайлы. Болашақта біз жасанды интеллект жобаларды әзірлеуде көмек береді деп ойлаймыз. Менің ойымша, жасанды интеллекттің ықпалы уақыт өте келе арта береді. Бүгінде тіпті SMM қызметтерінің көп бөлігін Chat GPT сияқты құралдарға ауыстыруға болады. Бейнежазбаларды да жасауға болады. Сондықтан болашақта урбанистикада жасанды интеллектті кеңінен қолдану перспективасы үлкен.

- Ойларыңызбен бөліскеніңіз үшін көп рақмет! Жобаларыңыз бен бастамаларыңыз сәтті жүзеге асады деп сенеміз.

 

 

СҰХБАТТАСҚАН: АМИНА АДИЛЖАН

«Кешірім сұрайтындай ешкімді атқан жоқпын»: Мақпал Жүнісова қас дұшпандарыма мереке сыйлап тұрамын деп мәлімдеме жасады Біреудің қаңсығы біреуге таңсық «Қыз болғанша тоқтамаймын»: Тәуекел Мүсілім қызы болғанын қатты армандап жүргенін айтты «Қазір қыз іздеп жүрмін»: боксшы Нұрбек Оралбай жеке өміріндегі құпияларын айтты Анамды жұмыс істеткізбеймін, бар жағдайын жасадым – Әбиба Әбужақынова Қайрат Боранбаев Қазақстанға әкелген футболшы Украинада опасыздық жасады деп айыпталды Таразда прокуратура қызметкері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды 2-ақ адам қалған: Солтүстікте жыл соңына дейін 45 ауыл картадан жойылатыны белгілі болды «45 тәулікке қамалады»: Әйелі мен балаларын ұрып-соққан ақтөбелік жеңіл жазамен құтылды Екібастұзда 9-сынып оқушысы жоғалып кетті Тағы бір мерзімді әскери қызметші Ақтөбеде қайтыс болды Бақыт Сәрсекбаевтың әкесі қайтыс болды Әкем сырт көзге суық көрінгенімен жүрегі өте жұмсақ болды – Мұстафа Өзтүріктің үлкен қызы Прагада өткен Димаштың концертінде 9 жасар қыз тыңдармандарды тәнті қылды Қазақстанда бір күнде үш рет жер сілкінісі тіркелді Бүгін еліміздің 4 өңірінде ауа сапасы нашарлайды «Дауылды ескерту!»: 24 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды Баян Мақсатқызы кішкентай екі қызымен Дубайға демалысқа аттанды (ФОТО, ВИДЕО) «Шөмішбай Сариев үйімізге жиі келетін»: Жұлдыз Әбдікәрімова еске алу кешіне арнайы шақыртумен келген (ВИДЕО) «Қуырдақты былқылдатып, әңгімеміз жарасатын қыздарыма ысқырдым»: Қарақат Әбілдина өнердегі құрбыларын қонақ қылды (ФОТО)