1606

Халық енді бір тиын бермес: Перизат Қайрат тұрғындардан жиналған қаржыны өз рахатына жұмсаған

Қаржы мониторингі агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі әрі қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратты тергеп жатқанын мәлімдеді.

Халық енді бір тиын бермес: Перизат Қайрат тұрғындардан жиналған қаржыны өз рахатына жұмсаған
SMARTNEWS.KZ коллажы / Дана Асылбек

Белгілі болғандай, «пысықай» ару көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырған. Атап айтсақ, қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алып, шетелде қымбат қонақ үйлерде алаңсыз демалған.

Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге «Mercedes-Benz S450», 80 млн теңгеге «Lexus LX-600» және 39 млн теңгеге «Haval» автокөліктерін сатып алыпты.

«Ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған. Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған, – делінген агенттік таратқан ақпаратта.

Материал авторы