768

Әкімдік жаңбырдың суына тұншығатын Астананың кәріз жүйесін 2035 жылға реттейміз деді

Енді астаналықтар «2035-ке дейін жаңбыр жаумаса екен» деп тілейтін шығар…

Әкімдік жаңбырдың суына тұншығатын Астананың кәріз жүйесін 2035 жылға реттейміз деді
SMARTNEWS.KZ коллажы / Дана Асылбек

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана әкімдігі көшелерді су басу проблемасын 2035 жылға дейін түбегейлі шешетінін айтқан. Қала әкімдігі осы келеңсіз жағдайды реттеу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы мәлімдемесін Kazinform жеткізді.

Әкімдік дерегінше, жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету жұмыстарын «Elorda eco system» ұйымы жүргізеді. Қалада 18 жаңбыр суын тазарту нысаны, 1 жинақтаушы тоған, 610,8 км нөсер, дренаж және арық-науа кәріз желісінің магистральдық коллекторларынан тұратын кәріз жүйесі жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе 16,7 мың гектардан асатын аумақтағы жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз етіп отырған көрінеді.

Астана әкімдігі көшелерді су алу проблемасын 2035 жылға дейін түбегейлі шешпек.

«Жауын суы жиналатын кәріз желілері мен құрылыстарының 8 объектісін жобалау жүргізіліп жатыр. Одан бөлек қазіргі уақытта «Астана қаласында 2035 жылға дейін нөсерлі кәріз жүйесін дамыту» техникалық-экономикалық негіздемесі әзірлену үстінде», - делінген елорда әкімдігінің Kazinform-ға берген жауабында.

Әкімдік агенттікке берген жауабында бұған дейін атқарылған жұмыстарға қатысты есептер берген. Мәселен, Астанада 2019-2023 жылдары кәріз жүйесінде бірқатар жөнделген екен.

 

«2019 жылдан 2023 жылға дейін қалада нөсер, дренаж және науа-арық кәріз желісінің магистральдық коллекторларының 400 км-ден астам желісі, 9 сорғы станциясы және 4 тазарту құрылысы салынды, реконструкцияланды.

2023 жылы нөсерлі кәріз жүйелерін салу бойынша үш жобаны іске асыру аяқталды, оның шеңберінде 10 км-ден астам магистральдық және таратушы нөсерлі кәріз коллекторлары салынды», - делінген әкімдік хабарламасында.

Одан бөлек, биыл жауын суы кәрізінің 5 жобасы бойынша жұмыс жүріп жатқаны айтылды. Оның 3-еуі жуырда тапсырылмақ. Осы жобалар аясында 5 км-ден астам коллектор салынып, жаңа теміржол вокзалы аумағында тазарту құрылысының жұмысы аяқталады.

Бұған дейін 2023 жылы 11 шілдеде Астананың 25 жылдығы өткен соң Мемлекет басшысы елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңес кезінде Тоқаев әкім Жеңіс Қасымбекке кәріз жүйесіндегі жүгенсіздік туралы ескерту жасаған еді.

Жеңіс Махмұдұлы, жыл басында сізге қаладағы коммуналдық мекемелердің басшылық құрамына талдау жүргізу тапсырылды. Байқауымша, әзірге бұл тапсырма толық орындалған жоқ.

Елорданың жылу электр стансасын заңгер, Астана аймақтық электр желілік компаниясын бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су арнасы мекемесін зоотехник басқарады. Әркім өзі жетік білетін іспен айналысуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, жұмыстың нәтижесі тиісті деңгейде болмайды.

Қала басшылығының таяз ойлауы және әрекетсіздігі салдарынан жаңа жылу көздерін, су құбырын, кәріз суын тазарту нысандарын «төтенше» режимде салуға мәжбүр болып отырмыз, – деді Президент.

Материал авторы