SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей тұрғыны 13 жастағы баласының өліміне дәрігерлерді кінәлайды. Ана ұлына жасалған ота кезінде ыстығы көтеріліп, көз жұмды дегенге сенбейді. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы жеткізді.
Әлия Әбілдинова 13 жастағы ұлын мұрын ішінде өскен етті алдыру үшін Астанадағы балалар ауруханасының біріне апарған. Ондағы дәрігерлер ота арқылы етті аламыз деген екен. Бірақ ота кезінде Әділбек Азаматұлының ыстығы көтеріліп көз жұмған депті. Дегенмен марқұмның анасы бұған сенбейді. Ол баласының өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп деп отыр. Өйткені ұлымнан көп мөлшерде қан кеткенін өз көзіммен көрдім дейді.
«Сол жерде неге соншама көп қан деп бірден сұрақ қойдым. Дәрігерлер «енді ота болған соң қан ағады» деп мені көндірді. Сонда да сенімсіздік болып, сол жерде сараптама жасаймыз деп шешім қабылдадық. Сараптама бойынша ұлымның кеңірдектен жарақаты болған. Содан ішіне қан ағып, тұншығыпты. Медициналық сараптамалық нәтижелері мен аурухананың берген қағазы бір-біріне мүлдем сәйкес келмеді», – деді марқұмның анасы Әлия Әбілдинова.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысында бала механикалық асфиксиядан мерт болды деп көрсетілген. Ота кезінде кеңірдек жарақаттанып, көп мөлшерде қан кеткен. Салдарынан жасөспірімнің тыныс алу жолдары жабылған делінген.
«Сот-медициналық сараптаманың негізі бойынша, баланың қаны көп кеткен. Барлық бронзы, тыныс алу мүшелері қанға толған. Тіпті баланың асқазанына қан кеткен. Медициналық мекеме мен сараптаманың қорытындысы сәйкес келмейтініне қарамастан, 24 қыркүйекте қылмыстық іс тоқтатылған. Біз бұған келіспейміз. Біздің пікірімізше, аталған іс бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-тармағы «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруі тиіс», – деді заңгер Әлия Илькенова.
Бүгінде Әділбек Азаматұлының өлімі бойынша елордадағы Алматы аудандық полиция басқармасы қылмыстық істі қайта қозғаған.
«Аталған факті бойынша Алматы аудандық ішкі істер басқармасы Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі «Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, адам өліміне әкеп соқтыруы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қалған ақпарат жария етілуге жатпайды», – деп мәлімдеді Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің бастығы Эльмира Шауленова.
Әділхан кішкентайынан ақылды, зерек бала болып өскен. Болашақта IT-маманы боламын деп армандапты. Отаға кірмес бұрын отбасын «мен кеттім, уайымдамаңыздар» деп жұбатқан екен. Бұл жалғыз баламның соңғы сөзі болды дейді анасы.
«Биыл ұлым 8 сыныпқа көшетін еді. Өте әдепті, өте ақылды болды. Әрқашан күліп жүретін. Отаға кеткенде «мен кеттім» деді. Болды, содан кейін баламның дауысын естімедім», – деді марқұмның анасы.
Марқұмның анасы ұлының дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмғанына сенімді. Сондықтан ол құзырлы орган қызметкерлерінен кінәлілерді тауып, жазалауды талап етеді. Ал аталған аурухана басшылығы тек тергеуден кейін жағдайға пікір білдіретінін мәлімдеді.