SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Нөгербек Netflix фильміне шақырту алды. Бұл туралы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры мәлімдеді.
Белгілі болғандай, актриса Карлаг жайлы тарихи фильмге түседі.
Театрымыздың белді актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлық иегері Нөгербек Алтынай Бауыржанқызы NETFLIX фильміне шақырту алды. Танымал актриса Netflix-тің Карлаг жайлы фильміне түспек. Құрметті Алтынай Бауыржанқызы, барша театр ұжымы атынан сізді шын жүректен құттықтаймыз! - делінген жазбада.
Фильм 2025 жылдың аяғына дейін көрерменге жол тартуы мүмкін.
Netflix-пен эксклюзивті келісімшарт бойынша Карлаг туралы "Бітімгершілік" /La Tregua атты қазақстандық-испандық фильмнің түсірілімі басталып та кеткен. Картинаның бас режиссері – "Қағаз үй" сериялымен көрермендерге танымал Мигель Анхель Вивас.
Фильмде адамдардың қиын тағдыры, өмір сүру үшін күнделікті күреске қарамастан, адамның қадір-қасиетін сақтау туралы айтылады.
Жұлдызды режиссер актерлердің шеберлігіне ерекше назар аудармақ. Жаңа фильмдегі басты рөлдерді бұрын "Қағаз үй" телехикаясында Рио рөлін сомдаған Мигель Эрран және "Элита" драмасында Андер Муньосты бейнелеген Арон Пипер, сондай-ақ қазақстандық актерлер Дина Тасболатова, Алтынай Нөгербек, Сергей Уфимцев және Фараби Ақкөзов сомдайды.
1930–1950 жылдардағы Карлаг атмосферасы костюмдермен, реквизиттермен және декорациялармен беріледі, оларды жасау үшін суретшілер мұрағаттар мен мұражайларда көп уақыт өткізген екен.
Бастапқыда фильмді Қазақстанда түсіру жоспарланған болатын, бірақ кейін жоспарлар өзгерді. Испанияның Бильбао қаласының маңында түсірілім үшін миниатюралық Карлаг салынды.
– Біз барлық жағдайды, қазақ даласын дәл жаңғырту мүмкін емес екенін түсінеміз, бірақ біз барынша тырыстық. Біздің команда көптеген құжаттарды зерттеді, Қоюшы-суретшілер тобы орасан зор жұмыс жасады. Қиын болды, бірақ біз Бильбаода Қазақстанның бір бөлігін қайта жасау үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық, – дейді фильмді түсіруге жауапты Plano a Plano кинокомпаниясының директоры Цезарь Бенитес.
"Бітімгершілік" – қазақстандық актерлердің, продюсерлердің, үйлестірушілердің және басқа да мамандардың белсенді қатысуымен жүзеге асырылып отырған Netflix үшін алғашқы жоба.
– Бұл жоба халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады. Біз оны жоғары стандарттар мен жаһандық әлеуетке баса назар аудара отырып, оны іске қосуға мұқият дайындадық. Қазіргі жағдайда, әлем сын – тегеуріндерге және ортақ тіл табуға тап болған кезде, мұндай жобалар өнердің біріктіруге қабілетті екенін көрсетеді, – деп атап өтті фильмнің бас продюсері Аманат Қонақбаев.
Түсірілім екі жарым айға созылады. Авторлар дайын фильмді А санатындағы ең үлкен фестивальдарда көрсетеді деп көзделіп отыр.