Жыл басынан бері елімізде 4 террористік актіге тосқауыл қойылған
Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.
Президентке ведомствоның жыл басынан бері атқарылған жұмысының негізгі қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берілді.
Белгілі болғандай, жыл басынан бері ұлттық қауіпсіздік органдары 4 террористік актінің алдын алған. Терроризм мен экстремизмге қатысы бар 84 адам сотталған, 44 адам ұсталған. Сондай-ақ:
– лаңкестік сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген қазақстандық 6 азамат Сирия мен Түркиядан экстрадицияланып, олардың екеуі сотталған;
– терроризм мен экстремизмге қатысы бар 824 шетелдіктің Қазақстанға кіруіне жолберілмеген;
– Ішкі істер министрлігімен бірге 19 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленген, 60 адам қамауға алынған;
– заңсыз айналымдағы 505 атыс қаруы, 5 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы, 45 жарылғыш топтама және 15 046 оқ-дәрі тәркіленген;
– есірткі өндіретін 33 зертхана, оны тасымалдайтын 35 халықаралық және 31 өңірлік арна жойылған;
– 3,2 тонна есірткі құралдары және психотроптық заттар, 4,5 тонна көкнәршикізаты, 18,8 тонна прекурсорлар тәркіленген;
– есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар 162 адам сотталған;
– экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында 1,6 триллион теңгеден астам көлемде мемлекетке келтірілетін залалға тосқауыл қойылып, бюджетке 315 миллиард теңге өтелген. Сыбайлас жемқорлық әрекет жасағаны үшін 46 адам сотталған;
– мемлекеттік шекарада 55 мыңға жуық құқық бұзушы ұсталды, қару мен оқ-дәріні, есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды тасымалдаудың 1300-ден аса әрекетінің жолы кесілген;
– шекара арқылы 18 миллиард теңге көлемінде валюта мен құны 66 миллиард теңге болатын тауарларды заңсыз өткізуге жол берілмеген. Заңсыз көші-қонның 20 арнасытоқтатылған.
Материал авторы